Шетел терминдерін аударғанымыз дұрыс па?

    Термин мәселесі елімізде тіл мамандары мен ғалымдар тарапынан, сондай-ақ қарапайым оқырмандар тарапынан да көп талқыға түсіп келе жатқан тақырып. Соның бірі – шет тілдерінен еніп жатқан халықаралық терминдерге байланысты пікірлер.
Бүгінде «Шет тілдерінен енген терминдерді аудармай сол күйінде қалдыру керек» деген көзқарас жиі айтылады. Олардың кейбіреуі мыналар: фортепьяно, календарь, паспорт, процент. Осы пікірді жақтаушылардың айтар уәждері – қазақ тілінде термин сол ұғымның мағынасын дәл бере алмайды, қай тілге де болса ортақ термин сақталуы керек. Өз уақытында мұндай терминдерге халықаралық деген мәртебе берілген болатын. Өйткені өзге елде ашылған жаңалыққа өз тіліңнен балама табу – оңай шаруа емес.
    Мұндай үдеріс тіл тұтынушылардың арасында түсінбестік туындатуы да мүмкін. Дегенмен, өзге тілде пайда болып, басқа тілдерге енген ұғым ­атауын Алаш зиялылары «Жат сөздер» деп тілден бөлектегені белгілі. «Жат сөздер» дегендегі мақсаттары – тілімізге жат екенін білдіру еді.
    Бұл мәселе ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Алаш зиялыларын біршама алаңдатқанын байқау қиын емес. Алаш арыстарының бірі Нәзір Төреқұлұлы «Қазақшадағы жат сөздердің өзгерілу заңы» деген мақаласында: «Екінші – тілдің келесіде баюына жол тазалау. Қазақ тілі бұл күнге шейін басқа тілдерден сөз алып келген болса, мұнан былайғы заманда тілімізге тағы жаңа терминдер кірмек. Телегіреп, телепон, радио, темір жол, електр заманында қазақ тілі жаңа тұрмысқа керекті сөздерді тағы алмай тұра алмайды. Тілесең де осылай болады, тілемесең де! Дүниеде жалғыз қазақ тілі осы күйге түсіп отырған болса, онда басқа әңгіме болады. Бірақ бұл күйге түсіп отырған жалғыз қазақ тілі емес. Басқа тілдердің тәсірінен құтылған бір тіл жоқ. Неміс, орыс, пырансоз … барлығы тілде бір-бірінен бұрыштанып отыр, ал енді «табиғат заңы» осылай болған соң қазақ тілі қалай «аман» қалмақ? Басқа мәдениетті елдерден «қашып» тіл болмайды. Бірақ сертсіз, заңсыз жат сөздерді бос қоя беру де жарамайды, опыр-топыр болып тіліміздің негізгі заңдылықтарын бұзып, тас-талқанын шығарып жіберу де бар» десе, Ахмет Байтұрсынұлы: «Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз тілінің заңына үйлестіріп алғанда, солай алуға біздің де қақымыз бар» деп жазған болатын.

    Орыс ғалымы Л.П.Крысиннің «Словарь иноcтранных слов» атты еңбегіне көз жүгіртсек, жоғарыда көрсетілген терминдердің пайда болуы жайында мынадай ақпарат аламыз:

1. «Фортепьяно» – «соқпалы-пернелі ішекті музыкалық аспап». Неміс тілінің «fortepiano» деген сөзінің орыс тіліне бейімделініп алынған нұсқасы. Шыққан елі итальян тілінің forte – қатты (үн) + piano бәсең (үн) деген сөздерінің бірігуінен пайда болған күрделі сөз (Иллюстрационный толковый словарь иностранных слов. – М.: Эксмо, 2008. -864 с.).

2. «Календарь» – «айдың алғашқы күндері» мағынасындағы латынның calendrium < Calendarium деген сөзінен шыққан (Бұл да сонда). Негізінен бұл сөздің тура мағынасы «қарыз кітапшасы» дегенді білдіреді. Ежелгі Римде қарыз алған адамдар қарыздың пайызын календ, яғни айдың алғашқы күні төлейтін болған. Бұл сөздің шығу тарихы осындай.

3. «Паспорт» – «порт арқылы өту үшін жазбаша берілген рұқсат қағазы» деген мағынадағы немістің Passport < француздың passeport < италияндық passaporto деген сөздері (Бұл да сонда). Бұл термин жүйелері әртүрлі тілдерде, мы­салы, ағылшын тілінде passport, туыс­тас түрік тілінде pasaport деп негізгі тү­бірі сақталғанмен, өздерінің тілдік заңдылықтарына сай етіп қолданылады.

4. «Процент» – «санның жүзден бір бөлігі» деген немістің Procent латынның < procento сөзі (Бұл да сонда). Орыс тілінде – процент, ағылшын тілінде – persent, француз тілінде – pour-cent, итальян тілінде – persentaule, түрік тілінде – fayiz деп қолданылады екен. Ал енді осы сөздердің қазақ тіліндегі нұсқаларына зер салсақ, күйсандық (фортепьяно) – қандай да бір ән мен күйді шығаратын сандыққа ұқсас аспап. Қазақтілді тұтынушыларға халықаралық термин түбіріндегі мағыналарынан қарағанда, қазақ тіліндегі мағынасы (күйсандық) анық, түсінікті деп ойлаймыз.

Күнтізбе (календарь) сөзі «бірнеше күннің тізбегін сипаттайтын ұғым» мағынасын береді.

    Төлқұжат (паспорт) термині жайлы айтар болсақ, бұл «Төл» (жеке өз басына тән, меншікті байырғы деген мағына беретін сөз) сөзі мен «Құжат» (қандай да бір фактіні немесе әлдебір нәрсе жөніндегі құқықты қуаттайтын іс қағаз мағынасындағы араб тілінен енген сөз) сөзінің бірігуі нәтижесінде пайда болған термин.
Пайыз – «1) пайда; 2) қайырым­ды­лық, жомарттық» деген мағына беретін арабтың «фэйз» (Персидско-русский словарь: В 2-х т.т.. – М.: Рус. Яз., 1985. – 864 с.) деген сөзі. Бұл жерде термин ретінде «пайда әкелу» деген мағынасын алғандығы байқалады. Пайыз термині термин қабылдаудағы жүйеге сай (өзге тілден термин қабылдауда туыстас тілдерге басымдық беру) болып табылады.
Жалпы, тілімізге өзге тілден сөз қабылдауда мынадай үш негізгі қағиданы ескергеніміз жөн. Біріншісі – жаңа пайда болған ұғымға атау беруде қазақ тілінің өз мүмкіндігін пайдалану, түбірге жұрнақ жалғап жаңадан сөз жасау; екіншісі – қазақ тілінен табылмаған терминдерді басқа түрік ха­лықтарынан іздестіру (ондағы мақсат – түркі халықтарына ортақ термин қалыптастыру); үшінші – бірнеше тілге ортақ терминдерді қазақ тілінің заңдылығына сәйкес қабылдау. Жоғарыда көрсетілген терминдердің бастапқы үшеуі тілімізде осы қағи­да­лардың біріншісі негізінде пайда болған. Ал «пайыз» термині бүгінгі таңда қазақтың төл сөзіндей болып, тіліміздің төрінен орын алған кітап, дәптер, алмас, алтын секілді араб тілінен енген сөз.
    Ғаламдану заманында мәдени, тілдік алмасулар болмай тұрмайтыны белгілі. Бұл ғылым үшін, ғылымның дамуында көштен қалып қоймауымыз үшін қажет. Сондықтан қазіргі таңда қазақ терминологиясын жаңғырту мәселесі жиі сөз болып жүр. Дегенмен де, «бұл мәселені қалай шешу қажет?» деген сау­ал осы мәселемен айналысып жүрген мамандардың көкейінде тұрған бірден-бір сауал. Себебі «жылтырағанның бәрі алтын емес» екендігі тағы белгілі. Демек, шеттен енетін терминдерді де саналы түрде саралап, таңдап қабылдауды бас­ты мәселелердің бірі ретінде негіздеу қажет.
    Бүгінде қазақ терминологиясын жаңғырту үдерісі жүріп жатыр. Жаңғыртқанымыз дұрыс. Дегенмен, бұл мәселені кейбіреулер бір жағынан ғана түсініп отырған сияқты. Ол – қазақ терминдерін орыс тілінің стандарттарына салынған күйде қабылдау. Егер дәл осы ұстаныммен терминдерімізді жаңғыртатын болсақ, мынадай бірқатар мәселелер туындауы мүмкін: а) осы кезге дейін қалыптасқан терминдерімізден қол үземіз. Мысалы, төлқұжат – паспортқа, үдеріс – процес­ке, үрдіс – тенденцияға, пайыз – процентке, күнтізбе – календарьға өзгеруі ғажап емес. ә) тілімізде қалыптасқан термин­жасам үдерісіндегі жүйелілігімізді жо­ғалтамыз. Осының салдарынан тіл­тұтынушыларды адастыруымыз мүм­кін. Оған қазіргі кезде шарттылық заң­­дылығымен жасалынып жатқан уәж­­­сіз терминдерді жатқызамыз; б) тіл заңдылығына бағындырып алмай бас­қа бір тілдің заңдылығына сәйкес стандартталған жекелеген терминдерді енгізу арқылы тіл тұтынушыларды сол елдің мәдени шаңырағының астына шоғырландырып алу қаупі бар. Оған қазіргі кезде көптеп еніп жатқан принтер, компьютер, контент, концепт, тендер, степлер, картридж және т.б. сипаттағы сөздерді жатқызуға болады.
    Қорыта келгенде, модернизация теориясына қатысты айтылған сындар тәжірибеде оның тиімді жақтарымен бірге, тілдік тұрғыдан отарлаушы елдерге мәдени тәуелділікке алып келетіндігін байқатып отыр. Әрине, тіл жанды құбылыс болғандықтан, оның заман талабына сай жаңғырып отыруы заңды. Десек те, терминдерді жаңғырту – талғаммен қарауды талап етеді.

Пікір 0

Пікір қалдырыңыз

Сайт бойынша іздеу

Мақалалар

Үздік мақалалар

Орыс, ағылшын және қазақ тілдері материалдары негізіндегі реферативті және аннотациялық аударма туралы 06 Желтоқсан - 0 пікір

Аудармашы-маманға шет тілінде жазылған...

Толығырақ..
ҮКІМЕТ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕДІ 03 Наурыз - 0 пікір Толығырақ..
Қазақ тіліндегі ресми-іс қағаздар тілінің дамуына экстралингвистикалық факторлардың ықпалы 23 Маусым - 2 пікір

    Мемлекеттің кескін-келбетін сомдап, қоғамдық болмысын көрсететін тіл...

Толығырақ..