Жаңадан ашылған Qujat.kz сайты, ісқағаздарының мемлекеттік тілде жүргізудің тарихы

    Жаңадан ашылған Qujat.kz сайты, ісқағаздарының мемлекеттік тілде жүргізудің тарихы, қазіргі кезде ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізушілер қандай құжаттарға сүйенуге тиіс, ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуде нендей қиыншылықтар бар және оларды шешу жолдары жөнінде пікір білдіру үшін филология ғылымдарының кандидаты Құлманов Сарсенбай Қуантайұлын сөзге тартқан едік.

1. Ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге қатысты құжаттардың тарихы, мазмұны туралы не айтасыз?

Біз ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге қатысты құжаттарды сараптай келе, төмендегідей тұжырымдар жасадық:

- қазақ ісқағаздарын жүргізу ісі қазақ халқының патшалық Ресей империясымен саяси қарым-қатынасының белсенді түрде дамуынан басталып, мемлекеттік басқару аппаратының қалыптасуымен бірге ісқағаздарын жүргізу жүйе ретінде қалыптасты;

- Кеңес одағы құрылған алғашқы жылдары қабылданған құжаттар орыс тіліндегі ісқағаздарын ғана емес, Кеңес өкіметінің құрамындағы басқа республикалардың, әсіресе қазақ ісқағаздарын жүргізу ісіне де ықпал етті;

- Кеңес одағы құрылған алғашқы жылдары (20-30-жылдар) қабылданған құжаттарда ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізу мәселелері одақтық және республикалық деңгейде көтеріліп, оларда осы бағыттағы әртүрлі шаралар көзделді (курстар ашу; қазақ тіліндегі жобасы ұсынылмаған құжаттарды қараусыз кейін қайтару; қазақ тілінде сөйлей және жаза алмайтын және жаңадан ашылған лауазымдарда қазақ тілінде жұмыс атқара алмайтындарды қысқарту, жұмыстан босату және т.б);

- Кеңес одағы кезеңіндегі құжаттарды мазмұны жағынан төртке бөлуге болады: 1) ісқағаздарын міндетті түрде қазақ тілінде жүргізу туралы, 2) ісқағаздарын орыс тілінде жүргізу туралы, 3) ісқағаздарын екі тілде қатар жүргізу туралы, 4) ісқағаздарын жүргізуде «ұлттық тілдерді» немесе «жергілікті ресми тілді» де қолдану туралы;

- Қазақстанда мемлекеттік тіл ретінде қазақ және орыс тілінің бірдей қолданылуына байланысты (1924-1989) және солақай саясаттың әсерінен мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізу мәселесі 70-80-жылдарға дейін басылып қалғанымен, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мойындалуымен 90-жылдардағы құжаттарда тағы да көтерілді;

- Кеңес одағы кезеңінде қабылданған кейбір құжаттарда «қазақ тілі», «орыс тілі» және «ұлттық тілдер», «жергілікті ресми тіл», ал Тәуелсіздік кезеңінде қабылданған құжаттарда «мемлекеттік тіл», «ұлтаралық қатынас тілі», «ана тiлi» немесе «өздерi бiлетiн кез-келген тiл», ісқағаздары «мемлекеттiк тiлде және тараптар үшiн қолайлы тiлде», «қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде», «тараптардың мемлекеттiк тiлдерiнде»,«қатысушылардың келiсiмiмен белгiленген тiлдерде», «басқа тiлдерге аударылып» жүргізіледі деген сөз тіркестерінің қолданылуы ісқағаздарын жүргізу тілінің әліге дейін бірізге түспегендігін көрсетсе керек. Бұл жайт, әрине республикамыздың азаматтарына қолайлы болғанымен, ісқағаздарын жүргізуде қиындық тудырды деп ойлаймыз;

- 1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында қабылданған «ҚазақКСР-інің Тіл туралы» Заңының 1-бабында «Қазақ тілі Қазақ КСР-інің мемлекеттік тілі болып табылады» деп көрсетіліп, «мемлекеттік тіл» (астын сызған біз– С.Қ.) термині қолданылған тілге қатысты құжаттардың алғашқысы болғанымен, Заңда  орыс тілінің «ұлтаралық қарым-қатынас тілі» ретінде аталуы, кейбір ұлттық тілдерге «жергілікті ресмитіл» мәртебесі беріліп, бұл тілдердің «мемлекеттік тілмен және ұлтаралық қарым-қатынас тілімен бірдей қолданылуы» және Заңның «жеке қарым-қатынастарда, әскери бөлімшелерде, әскери типтегі мекемелерде, сондай-ақ діни қауымдарда тілдің қолданылуын реттемейтіндігі», біріншіден, Заңның «солқылдақтығын» көрсетсе, екіншіден, қазақ тілінің мемлекеттік тіл қызметін өз деңгейін де атқаруына тұсау болды деп санаймыз;

- ісқағаздарын жүргізуге (құжаттау, құжаттамаларды басқару) қатысты кейбір құжаттарда қолданылған «мемлекеттiк тiлде және тараптар үшiн қолайлы тiлде», «қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде», «тараптардың мемлекеттiк тiлдерiнде», «қатысушылардың келiсiмiмен белгiленген тiлдерде»,«басқа тiлдерге аударылып» деген сөз тіркестерінен ісқағаздарын жүргізу тілінің әліге дейін бірізге түспегендігі байқалады;

- Тәуелсіздік кезеңіндегі барлық құжаттардағы ережелер мен қағидаттар Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделіп, олардың бәрінде дерлік «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген қағидат басшылыққа алынған. Осы қағидаттың  қазақ тілінің қоғамның барлық саласында, оның ішінде ісқағаздарын жүргізу ісінде толық қанды қолданылуына «тұсау» болып келе жатқандығын мойындамасқа шарамыз жоқ;

- құжаттардың көпшілігінде жалпы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, оның ішінде ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге қатысты атқарылатын іс-шаралар нақты көрсетілген;

- ісқағаздарын жүргізуге тікелей қатысты құжаттарда негізінен рәсімдеу талаптары, құжат мәтіндерінде қолданылатын сөздер, грамматикалық тұлғалар, мәтін тақырыбына қойылатын талаптар, орфографиялық және пунктуациялық ережелер және басқа да нормативтік талаптар берілген;

- кейбір құжаттардың мазмұны бір-біріне өте ұқсас болып келеді;

- кейбір құжаттарда нормативтік құқықтық актілерге лингвистикалық сараптама жасау көзделген;

- кейбір құжаттарда мемлекеттік тілде ісқағаздарын дайындауды жүзеге асыратын әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу көзделген;

- кейбір құжаттарда жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізу арнайы курсын енгізу, кеңсе және құжаттамалық жұмыс негіздерін оқыту көзделген;

- кейбір құжаттарда іс жүргізуші мамандардың саны мен сапасына қойылатын талаптар нақты көрсетілген;

- кейбір құжаттар жекелеген құжаттарды қолданысқа енгізуге және олардың орындалуын бақылауға, бағалауға арналса, кейбіреулерінде жекелеген нормативтік құқықтық актілер мен заңнамалық құжаттарды бұзғаны үшін жауаптылық көзделген. Алайда мұндай жауаптылықтарды нақтылай түсу керек деп санаймыз;

- кейбір құжаттарда «құжаттар мемлекеттік тілде дайындалуға тиіс» немесе «құжаттар мемлекеттік тілде дайындалады» деп атап көрсетілген. Алайда осы кезге дейін қанша заңның немесе басқа нормативтік құқықтық құжаттардың қазақ тілінде дайындалғандығын зиялы қауымға белгілі;

- кейбір құжаттарда атқарушылық іс жүргізу және ісқағаздарын жүргізу тілі нақты көрсетілмеген;

- кейбір құжаттардың қазақ тіліндегі қағаз нұсқасының болмауы, кейбір құжаттардың атауы екі тілде берілгенімен, мазмұны орыс тілінде ғана болуы мемлекеттік тілге деген немқұрайдылықты аңғартады;

-қолданыстағы стандарттарда құжаттарда қолданылатын ұғымдар, ресімдеуге қойылатын талаптар ғана берілген.

 2.     Ісқағаздарының ғылыми әдебиеттерде жіктелуіне тоқталып өтсеңіз.

Қазақ тіл біліміндегі ресми стильге арналған ғылыми-практикалық зерттеулерді хронологиялық ретпен қарастыра келе, қазақ тіл білімінде ғалымдардың ісқағаздарын әртүрлі сипаттары бойынша жіктеуі жалпы алғанда ұқсас болып келгенімен, жіктеме санының әртүрлілігі байқалады. Мұндай айырмашылық құжаттарды жіктеу қағидаттарына байланысты болады. Мысалы, кейбір ғалымдар құжаттарды жалпы негізде топтастырып қарастырса, енді бір зерттеушілер ісқағаздарын егжей-тегжейлі жіктеп көрсетеді. Жалпы алғанда ісқағаздары мына қағидаттарға негізделіп  жіктеледі: атауы, жанры,мазмұны, қызметі, белгілеу тәсілі, түрі, толтыру орны, орындалу мерзімі, шығарылуы, қолданылу қолжетімділігі, жасалу сатысы, сақталу мерзімі, жасалу орны, қолдану орны, жариялылық деңгейі, белгілеу (фиксациялау) құралдары, дайындалу сатысы,  жеделдігі, құқықтық мәртебесі, өту реті, күрделілік деңгейі, заңдық күші, міндеттілік деңгейі жәнет.б. сипаттары бойынша.

 3.     Қазіргі кезде ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізушілер қандай құжаттарға сүйенуге тиіс?

Қазақстан Республикасы аумағында «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11шiлдедегі № 151 Заңының 4-бабына сәйкес іс қағаз жүргізу мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде жүргізіледі.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 17 сәуірдегі № 430 қаулысымен бекiтiлген «Электрондық құжат айналымы ережесінің» 25-бабына сәйкес электрондық құжат айналымы жүйесін пайдаланатын мемлекеттік органдар 10 жылға дейін сақтау мерзімімен басқарушылық құжаттармен хат алмасуды электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған («Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 7 қаңтар N 370-ІІЗаңы негізінде) электрондық құжат нысанында ғана жүзеге асырады.

Сақтау мерзімдері 75 жыл, тұрақты, сондай-ақ «сараптау-тексеру комиссиясы» (бұдан әрі– СТК) белгісі бар электрондық құжаттардың қағаз құжаттың түп нұсқалары болады.

Сонымен, ұйымдарда құжат айналымы қағаз нысаныда және электронды нысанда жүргізіледі.

Ұйымда ісқағаздарын жүйелі түрде жүргізу үшін Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Мұрағаттар мен құжаттаманы басқару комитетінің Төраға орынбасарының 2001 жылғы 21 тамыздағы № 48 бұйрығымен бекітілген «Методические рекомендации по разработке номенклатуры дела негосударственной организации»  басшылыққа алына отырып Істер номеклатурасы жасалады.

Істер номеклатурасын жасау барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 26 қаңтардағы № 22 бұйрығына «Сақтау мерзімдерін көрсете отырып, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар қызметінде жасалатын үлгілік құжаттар тізбесі» қосымшасы және Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің 2009 жылғы 27 сәуірдегі № 60 бұйрығымен бекітілген «Перечень типовых документов, образующихся вдеятельности государственных органов в формате электронного документа, суказанием сроков хранения»* пайдаланылады.

Құжаттарды ресімдеуде қолданылатын Қазақстан Республикасының стандарттары:

1) Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігінің Техникалық реттеу мен метрология комитетінің 2005 жылғы 1 желтоқсандағы № 441 бұйрығымен бекітіліп, күшіне енген техникалық талаптар 1430-2005 ҚР СТ «Государственный стандарт Республики Казахстан печати с воспроизведением Государственного Герба Республики Казахстан»*;

2) Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлігі Стандарттау және сертификаттау жөніндегі комитетінің 2001 жылдың 14 мамырдағы № 140 бұйрығымен бекітілген «Іс қағаздарын жүргізу және мұрағат ісі. Терминдер мен анықтамалар» 1037–2001 ҚР СТ;

3) «Ақпарат, кітапхана және баспа ісі жөніндегі стандарттар жүйесі. Қағаз тасымалдаушылардағы құжаттар. Мұрағаттық сақтауға қойылатын жалпы техникалық талаптар» Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарты ҚР СТ 1237-2004 қолданылады.

Сондай-ақ құжаттама жасауда және құжаттаманы басқаруда «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағыN 221 Заңы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 22 желтоқсандағы № 144 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасаудың және құжаттаманы басқарудың үлгілік қағидалары», Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 20 сәуірдегі № 241 бұйрығына «Еңбек кітапшаларының нысанын, оларды жүргізу және сақтау қағидалары» 1-қосымшасы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 31 қаңтардағы № 168 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде іс жүргізу жөніндегі нұсқаулығы», Қазақстан Республикасы Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысының 2005 жылғы 3 қазандағы № и-536 «Краткий справочник по написанию различных наименований, использованию терминов исловосочетаний при подготовке документов»*,Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 15 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадрлық іс қағаздарын жүргізу құжаттарының үлгілік нысандары» пайдаланылады.

Стандарттар бойынша ресімделген құжаттар Істер номеклатурасы бойынша папкаларда күнтізбелік жыл бойы жиналады (қалыптасады). Іс қағаз жүргізу жылы аяқталған соң папкалардағы істер ресімделіп (сипаттамасы жазылып, тігіліп т.б жұмыстар) құрылымдық бөлімшелерде анықтамалық-ақпараттық мақсатында бір жыл сақталады. Содан кейін оларды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 22 желтоқсандағы № 146 бұйрығымен бекітілген «Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын және басқа да мұрағат құжаттарын ведомстволық және жеке мұрағаттардың қабылдауы, сақтауы, есепке алуы мен пайдалануы қағидаларындағы» талаптарға сәйкес ведомстволық (жеке) архивке әр құрылымдық бөлімше өткізеді.

Ведомстволық (жеке) архивтердің қызметкерлері істерді өңдеп, жиынтық тізімдеме жасайды. Олардың жұмысы жоғарыда аталған қағидаларға және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010жылғы 27 желтоқсандағы № 182 қаулысының «Сақтандыру нарығының кәсіби қатысушыларының және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын сақтандыру агенттерінің құжаттарды сақтау ережесі» 1-қосымшасына сәйкес жүргізіледі.

Ұйымдарда құжаттамалық қамтамасыз етуді басқаратын, мұрағат жұмыстарымен айналысатын қызметкерлердің еңбегі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2012 жылғы 7 қарашадағы № 180 бұйрығымен бекітілген «Құжаттамалық қамтамасыз ету бойынша жұмыстарына үлгілік уақыт нормаларымен» белгіленеді.

 Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 22 желтоқсандағы № 146 бұйрығымен бекітілген «Ұлттық архив қорының құжаттарын және басқа да архив құжаттарын ведомстволық және жеке меншік архивтердің қабылдауы, сақтауы, есепке алуы және пайдалануы қағидаларының» 202-бабына сәйкес Ұлттық архив қоры құрамына жатқызылған дәстүрлі (қағаздағы) және электрондық тасығыштағы құжаттардың уақытша сақтау мерзімдерінің шегі анықталған. Ведомстволық (жеке) архивте сақтау мерзіміөткеннен кейін ұйымдар өзінің іс қағаз жүргізуде пайдаланбайтын құжаттарын Ұлттық (Орталық) архивке тапсырады.

Ұлттық мұрағат қорының жұмысы «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы № 326-I Заңымен, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 7 қазандағы №1538 қаулысымен бекiтiлген «Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры туралы ережемен», Қазақстан РеспубликасыМәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 22 желтоқсандағы № 145 бұйрығымен бекітілген «Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын, басқа да мұрағат құжаттарын мемлекеттік және арнаулы мемлекеттік мұрағаттардың толықтыруы, сақтауы, есепкеалуы мен пайдалануы қағидаларымен» реттеледі.

* - жұлдызшамен белгіленген құжаттардың қазақша нұсқалары жоқ.

 4.     Qujat.kzсайты жөнінде ойыңызды білсек. Осындай электронды база керек пе? Оның пайдасыбар ма?

         Кез келген нәрсеге қатысты қолға алынған кез келген істің пайдасы болады деп ойлаймын. «Теріс нәтиженің өзі нәтиженің бір түрі» демекші, тіпті қате талпыныстың өзі де, одан қала берді қандай да бір іске қарсы жасалған  әрекеттің өзі де қандай да бір нәтиже береді.

         Ал бүгінгі қазақ ісқағаздарын біріздендіруге қатысты әзірленген qujat.kzсайты іс жүргізушілер үшін де, заңгерлер үшін де, аудармашылар үшін де, мектеп оқушысынан бастап, министрлер үшін де пайдалы әрі сәтті жасалған қадамдеп санаймын. Атап айтсақ: 1) бұл сайт – іс жүргізушілер үшін практикалық-әдістемелік құрал ретінде таптырмас дүние; 2) бұл сайттан аудармашылар ісқағаздарында қолданылатын терминдердің дұрыс қолданылатын нұсқасын таба алады; 3) бұл сайтқа тіл білімінің стилистика саласында ғылымиеңбек жазатын зерттеушілер жүгіне алады; 4) бұл сайт жалпы жұртшылықтың қоғамдық қатынастарын орнатуда басшылыққа алатын таптырмас құралы деуге болады.

 5.     Ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуде нендей қиыншылықтар бар және оларды шешу жолдары қандай?

         Ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізу ісі Кеңес одағы құрылған алғашқы жылдардан басталып,Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ширек ғасыр ішінде қазақ тіліндегі құжаттардың нысандары мен үлгілері, әрине аударма түрінде болса да, толық қалыптасты деуге болады. Сонымен қатар жоғарыда ісқағаздарын жүргізуде басшылыққа алынатын құжаттарды да атап өттік. Оның үстіне қазіргі кезде ісқағаздарына арналған ғылыми зерттеулер, ғылыми-практикалық, әдістемелік құралдардың түрлері (электронды, кітап түрінде), сайттар және т.б. жетіп артылады. Сондықтан бүгінгі күні қазақ тілін білетін азаматқа ісқағаздарын жүргізуде кедергі болатын қандай да бір күрделі қиындықты көріп отырған жоқпын. Дегенмен, заңның солқылдақтығы мен өзіміздің немқұрайдылығымыздан туындайтын қиындықтарды жоққа шығара алмаймыз.

Ең бірінші қиындық – мемлекеттік тілді білмеу. Сондықтан ең алдымен мемлекеттік қызметшілер жаппай мемлекеттік тілді меңгеруге тиіс. Бұл жерде ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу жөнінде қажеттілік тудыратын заң талабының болмауын айтакетуіміз керек.

Екіншіден, мемлекеттік тілді қандай да бір деңгейде біле тұра, ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге машықтанбау. Бұл орайда, әрбір мекеме басшысы өзінің қарамағындағы қызметкерлерге орыс тіліндегі құжатты аудармашыға аудартып ала салмай, өздерінің мемлекеттік тілде ісқағаздарын әзірлеуіне талап қоюы қажет. 


                                                                                                    Сұхбаттасқан:  Г.Жалғасбаева

                                                                                       Мемлекеттік тілді дамыту институты.

 




Пікір 0

Пікір қалдырыңыз

Сайт бойынша іздеу

Мақалалар

Үздік мақалалар

Орыс, ағылшын және қазақ тілдері материалдары негізіндегі реферативті және аннотациялық аударма туралы 06 Желтоқсан - 0 пікір

Аудармашы-маманға шет тілінде жазылған...

Толығырақ..
ҮКІМЕТ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕДІ 03 Наурыз - 0 пікір Толығырақ..
Қазақ тіліндегі ресми-іс қағаздар тілінің дамуына экстралингвистикалық факторлардың ықпалы 23 Маусым - 2 пікір

    Мемлекеттің кескін-келбетін сомдап, қоғамдық болмысын көрсететін тіл...

Толығырақ..