АУДАРМА ҮДЕРІСІНІҢ ҚАЗАҚ ІСҚАҒАЗДАРЫН ДАМЫТУДАҒЫ РӨЛІ

Мемлекеттік тіл – маңызы Қазақстан Республикасының рәміздері – Мемлекеттік Туымен, Мемлекеттік Елтаңбасымен, Мемлекеттік Әнұранымен бірдей саналатын қастерлі нышан. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілді меңгеріп, осы тілде ауызекі қарым-қатынас жасап қана қоймай, мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде ресми қарым-қатынас жасауды қамтамасыз етуге, яғни оның барлық салада өз дәрежесінде қызмет етуіне атсалысуы қажет.

Қазіргі кезде қазақ тілінің қоғам салаларындағы қолданысының кеңеюіне байланысты қазақ ресми-іскери стилінің функционалдық стильдер қатарындағы жеке стильдік тармақ ретіндегі орны мен рөлі күн санап артып келеді.

         Қазақ тілінің функционалды стильдерінің тарихы Р.Сыздық, М.Балақаев, Е.Жанпейісов, Б.Әбілқасымов және т.б. сияқты қазақ ғалымдарының еңбектерінде қарастырылды. Ғалымдардың зерттеулерінде қазақ ресми тілінің тарихы «жазба кітаби тіл» материалдарынан басталады [1]. Біздің ойымызша, біріншіден, қазақ ісқағаздарының тарихын руна жазбаларынан бастаған жөн сияқты. Өйткені онда жазылған ақпараттың иесі (адресат) белгілі, қандай да тарихи мәлімет берілген, кімге арналғаны (адресант) да айқын жазылған. Екіншіден, би-шешендеріміздің ауызша ресми тілі қалыптасқаны да ісқағаздарының дамуына үлкен ықпалын тигізді деп ойлаймыз. Қазақ ісқағаздарының келесі бір үлгісі – қазақ хандарының өзара немесе басқа мемлекеттердің басшыларымен жазысқан хаттары. Ал қазақ ісқағаздарының даму тарихындағы қазіргі кең таралып отырған үрдіс орыс тіліндегі құжаттарды аудару екендігі баршаға мәлім. Сондықтан бұл үрдісті қазақ ісқағаздарының төртінші қалыптасу көзі деп санаймыз.

Ғалымдар ісқағаздарын жанрлық жағынан түрліше топтастырады. Мысалы, бір оқу құралында ісқағаз үлгілері мақсат-мазмұнына қарай үшке бөлінсе: 1) кеңселік ісқағаз үлгілері (өмірбаян, өтініш, арыз, бұрыштама, сенімхат, қолхат, түсініктеме); 2) іскерлік ісқағаз үлгілері (түйіндеме, мінездеме); 3) қызметтік хаттар үлгілері (өтініш хат, ресми хат, ұсыныс хат, сұраныс хат, жолдама хат, баяндау хат, ақпарат хат, циркуляр хат, жеделхат, телефонхат, анықтама, бұйрық, бұйрықтан көшірме, хаттама, хаттамадан көшірме, келісімшарт) [2, 5-8], екінші бір еңбекте іс құжаттары былайша жіктеледі: 1) мазмұны бойынша: әкімшілік мәселелер; материалдық-техникалық жабдықтау мәселелері; жоспарлау; бухгалтерлік есеп; кадрлау даярлау; сыртқы сауда қызметі және т.б.; 2) шығарылуына қарай: ресми және жеке құжаттар; 3) атауы бойынша: актілер, сауалнамалар, ведомостер, хаттамалар, нұсқаулықтар, есептер, бұйрықтар және т.б. [3, 20-21].

Қазақ тіл білімінде ісқағаздар жанрын терең зерттеген профессор Л.Дүйсембекова оларды түрлеріне байланысты төмендегіше топтастырады:

1) мазмұны мен қызметіне қарай: жеке адамға қатысты және қызметтік ісқағаздары. Жеке адамға қатысты ісқағаздарына мыналар жатады: өмірбаян, арыз, сенімхат, қолхат, хат, төлқұжат, куәлік, білімі туралы куәлік т.б. Төлқұжат, куәлік, білімі туралы куәлік сияқты құжаттарды мекемелер азаматтардың өз қолына береді. Қызметтік ісқағаздары мекеме немесе сол мекеменің жауапты адамының атынан, ал жеке ісқағаздары жеке азаматтар атынан жазылады. Қызметтік ісқағаздарына мекемелер мен ұйымдардың іс жүргізу барысында дайындайтын барлық құжаттарын жатқызуға болады. Мысалы, қызметтік хаттардың барлығы, бұйрық, хаттама т.б.;

2) жасалу орнына қарай: мекеменің ішкі ісқағаздары және сырттан келіп түсетін ісқағаздары;

3) формасына қарай типтік, трафареттік және еркін мәтінді. Типтік ісқағаздарына қалыптасқан мәтін-үлгі бойынша жазылатын ісқағаздары жатады. Мысалы, арыз, өтініш т.б. Трафареттік ісқағаздары деп мәтінінің белгілі бір бөлігі алдын ала типографиялық әдіспен басылып дайындалған құжаттарды айтамыз. Мәтінінің алдын ала дайындалған бөлігінде өзгермейтін ақпарат жазылады. Еркін мәтінді ісқағаздарына белгілі бір мәселе, ғылыми немесе әдеби еңбек, өнер туындысы т.б. туралы ресми түрде жазылатын құжаттар жатады;

4) шығу, жасалу сатысына қарай: түпнұсқалық және көшірмелік. Түпнұсқалық ісқағаздарына кез келген құжаттың бірінші рет жасалған нұсқасы (оригинал) жатады. Ал көшірмелік ісқағаздарына түпнұсқаның мәтіні сол күйінде, өзгеріссіз сақталып алынған толық нұсқасы немесе белгілі бір бөлігі жатады. Көшірмелік ісқағаздарына кез келген құжаттың көшірмесін (диплом көшірмесі, бұйрықтың көшірмесі т.б.), дубликатын жатқызуға болады. Үзінді – құжаттың қажетті бөлігінің мәтіні өзгертілмей жазылған, қолға берілетін нұсқасы. Дубликат – құжат жоғалған кезде берілетін құжаттың түпнұсқасымен күші бірдей көшірмесі;

5) мазмұнына қарай: ұйымдық, өкілеттік және анықтамалық-ақпараттық. Ұйымдық құжаттарға мекеменің ұйымдастырылуына, құрылуына қатысты құжаттар, мысалы, штат кестесі, ішкі тәртіп ережесі, жарғы, қызметтік нұсқау т.б. жатады. Өкілеттік құжаттарға мекеменің қызметтік іс-әрекеттеріне және қызметкерлеріне байланысты жазылатын бұйрықтар мен нұсқаулар, ал анықтама-ақпараттық құжаттарға хат, жеделхат, телефонхат, түсініктеме, мәлімхат, акт, анықтама және т.б. қызметтік хаттар жатады.

6) қолдану орнына қарай: мекемеішілік, мекемеаралық, мемлекеттік және халықаралық» [4, 15-19].

Іс құжаттары мемлекетаралық қатынастарда, мемлекеттің өз азаматтарымен және олардың бірлестіктерімен, сондай-ақ мекемелер мен кәсіпорын ішіндегі азаматтар арасындағы ресми қатынастарда және шаруашылық субъектілерінің арасындағы қатынастарда қолданылуына орай іс жүргізу құжаттары стилі дипломатиялық, заң шығарушылық және күнделікті іс жүргізу сияқты түрлерге жіктеледі  [5, 5].

«Ісқағаздарын жүргізу» атты В.Салагаев пен Б.Шалабайдың еңбегінде ісқағаздары былайша топтастырылады: белгілеу тәсіліне қарайжазба, графикалық, акустикалық (фото, кино, бейнеқұжаттар); мазмұнына қарайұйымдық-өкімдік, қаржы есеп, жабдықтау-өткізу құжаттары; атауына қарай: ережелер, бұйрықтар, хаттамалар, жарғылар, арыздар, хаттар т.б.; түріне қарайтиптік, үлгілік, жекелік, қалыпты, жалпыға бірдей; толтыру орнына қарайішкі және сыртқы (кіріс, шығыс); орындалу мерзімі бойыншажедел және жедел емес (жай); шығу тегіне қарай –  қызметтік және ресми-жекелік (атаулы); қолданылу қолжетімділігіне қарайкүнделікті қызметте қолдану үшін және құпия; заңдылық күшіне қарайшын және жалған; жасалу сатысына қарайтүпнұсқа (бірінші данасы) және көшірме; сақталу мерзіміне қарай – 10 жылдан жоғары тұрақты мерзімге сақталатын және 10 жылға дейін уақытша сақталатын құжаттар [2, 10].

Біз бұл мақаламызда қазақ ісқағаздарының түрлеріне сипаттама бере отырып, бұл саланың қалыптасуы мен дамуына аударма үдерісінің тигізетін әсері туралы аз-кем сөз етпекпіз.

Аударманың кез келген түрінде, соның ішінде ресми ісқағаздарын аударуда құрылымдық ерекшеліктерді сақтаумен қатар түпнұсқа мәтіннің мазмұнын (ойды) дәл беру талап етіледі. Сондықтан ісқағаздары аудармасы негізінен белгілі бір саладағы білімге сүйенумен жасалады: түпнұсқа мәтінді тепе-тең дәрежеде ұғына білу және түпнұсқа мәтіні мен аударма мәтінінде жүзеге асырылатын терминологиялық жүйені білу. Мұндағы жоғары өлшем – түпнұсқа және аударма мәтіндерінің баламалығы. Ресми-іскери аудармада екі түрлі тілдегі мәтін шектеулі қатаң заңдылыққа негізделеді, олардың әртүрлі оқылуы мен түсінілуіне жол берілмейді. Сондықтан жазбаша ресми аударманың құжаттық, заңдық-құқықтық түпнұсқасы қатаң сақталады.

Ісқағаздарын аудару кезінде қолданылатын жекелеген лексикалық бірліктің, сөз тіркесінің, грамматикалық тұлғалардың белгілі бір стильге, яғни ресми стильге бағындырыла қолданылуы қажет. Бұл әрекет ісқағаздар тілін стандарттау үдерісіне алып келеді. Сондықтан ісқағаздар тіліндегі стандарттау процесі тілдің барлық деңгейін – лексикасын, морфологиясын, синтаксисін қамтиды. Осының нәтижесінде тұрақты  тілдік стеоротип қалыптасып, тілдің нормаға түскен мәтіндерден тұратын ерекше типін жасайды. Стандарт тілдік бірліктердің негізгі қасиеті олардың құрылымы мен семантикасының тұрақтылығы, өзгермеген, дайын күйінде қолданылуы болып табылады. Әдеби тілдің басқа стильдік тармақтарымен салыстырғанда ресми-ісқағаздар стилінде стандарт тілдік бірліктердің кеңінен қолданылуы бұл стильдердің ойды анық жеткізу, мазмұнды дәл беру, барынша қысқа, барынша нақты тұжырымды талап ететін негізгі ерекшеліктерінен туындайды.

Қазіргі кезде қазақ тілінде ресми-іскери стильдің қарапайым үлгілерінен (өтініш, арыз, мінездеме және т.б.) бастап, нормативтік-құқықтық құжаттарға (жарғы, жарлық, ереже, келісім, заң және т.б.) дейінгі нысандары болғанымен, олар түгелге жуық аударма процесі (кейбір құжаттардың ағылшын тілінен тікелей аударылатынын қоспағанда, негізінен орыс тілінен аудару) арқылы жүзеге асырылады. «Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығының дерегіне сүйенсек, әр жыл сайын бір мыңға жуық нормативтік-құқықтық актілер қабылданады екен. Қазірдің өзінде мыңға жуық заң, жиырма мыңға жуық нормативтік заң актілері бар. Осының бәрі орыс тілінде жазылып, содан соң барып мемлекеттік тілге аударылады…» [6]. Бұл ертеректе келтірілген дерек болғанымен, бұдан кейінгі жағдай оң сипатта өзгерді деп айта алмаймыз. Қабылданып жатқан нормативтік-құқықтық құжаттарды, стандарттарды және т.б. орыс тілінде әзірлеп, қазақ тіліне аудару жалғасып келеді. Түпнұсқасы қазақ тілінде жазылып, қабылданған заңнамалық құжаттар саусақпен санарлық. Сондықтан қазақ ісқағаздарын қалыптастырудағы аударманың рөлін зерттей түсу лингвистикалық тұрғыдан өзекті мәселенің бірі ретінде қалып отыр.

Бұл мәселе турасында Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында»: «Құжат мәтіндерін мемлекеттік тілде даярлаудың орнына оларды ресми қолданылатын тілден аударудың кең тараған тәжірибесінің мемлекеттік органдар жұмысында одан әрі беки түскен процесі белең алып барады. Соған қарамай, ол тек уақытша шара ретінде қарастырылуға тиіс. Сондықтан мемлекеттік тілде жасауға кезең-кезеңімен көшуді жүзеге асыру керек», –делінген [7, 89]. Бұдан кейінгі Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» аталған: «Қазақ тілі толыққанды күнделікті қызметтік және кәсіптік қарым-қатынас тіліне айналуға тиіс. ... Халықаралық кездесулер өткізіп, шарттарды, келісімдерді және өзге де халықаралық актілерді ресімдеу кезінде мемлекеттік тіл негізгі тіл болуға тиіс» ­деген міндеттер қойылды [8]. Осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Десек те, қазақ ісқағаздарын, ғылым тілін қалыптастыруда аударма оң әсер ететін (әрине біліксіздік пен немқұрайдылықтан туындайтын теріс әсерді есептемегенде) құбылыс ретінде саналады.

Сондықтан тәржімаланған ресми құжаттардың барлық түрлері тілде жүріп жатқан қарқынды үдерістердің барлығын да қамтыды: жалпы қолданыстағы лексиканың термин ретінде актуалдануы, әдеби тілге ене қоймаған лексикалық бірліктердің терминдік мағына иеленуі, синонимдік қатарлардың мәнмәтіндік, стильдік қызметінің артуы, сөзжасам жүйесіндегі  сапалық-сандық өзгерістер тәрізді лексикалық парадигмалардың жаңалықтары ресми-іскери тілде айқын байқалады [9, 94].

Қазіргі кезде ісқағаздарын орыс тілінен аударудың себептерін профессор Л.С.Дүйсембекова былайша түсіндіреді: «Бұған бірінші себеп біздің мамандарымыз бен ісқағаздарын жүргізушілеріміздің бірден қазақ тілінде ісқағаздарын жүргізуге дайын еместігі, екінші себеп ісқағаздарын қазақша жүргізуде белгілі бір тәжірибенің, қалыптасқан жүйенің болмауы. Осыған байланысты бүгінгі таңда ісқағаз мәтіндерін түгелдей орыс тілінен аударып, бір сөзін, бір тіркесін мүлт жібермей тізіп отыру, іс қағаздарының мәтіндерін орыс тілінің заңдылығына орай қалыптастыру құбылысы белең алып отыр» [10, 112]. Ғалым қазіргі қазақ ісқағаздар тілін қалыптастыруда аудармаға қатысты қалыптастыра алмай, ретке келтіре алмай жатқан тұстарымызға мысалдар келтіреді. Мәселен, «жоғары оқу орындарында «Введение в политическую науку» деген пән бар, оны диплом қосымшасында «Саяси ғылымға кіріспе» деп жазып жүрміз. «Саясаттану ғылымына кіріспе» немесе қысқа да нұсқа етіп «Саясаттануға кіріспе» деп алсақ дұрыс болар еді. Сондай-ақ «О переводе студентов на последующий курс обучения» деген бұйрық «Студентті курстан курсқа көшіру туралы» деп аударылып жүр. Сөзбе-сөз аударсақ, «Студентті оқытудың келесі курсына көшіру туралы» болады. Дұрысы «Студентті келесі курсқа көшіру туралы» сияқты, орысша нұсқасында обучение деген сөз болғанымен, қазақша нұсқасына оқытудың деген сөз қажет емес, себебі мұнда студент деген сөздің болуының өзі-ақ мәселенің оқу туралы екендігін білдіріп тұр», – [10, 113] деп, қазақ тіліндегі грамматикалық тұлғалардың қолданысына  талдау жасай келе: «Қазақ тіліндегі қимылдың болып жатқандығын, әлі де болатындығын жасанды -уда форманты арқылы емес, қазақ тілінің өз заңдылығына сай көмекші етістіктер арқылы берілуін дұрыс деп есептейміз. Игі іс жалғасын табуда демей-ақ, Игі іс жалғасын тауып отыр. Олардың қатары күн сайын өсуде демей-ақ, Олардың қатары күн сайын көбейіп отыр десек, қазақша болмас па еді», – деген ой тастайды ғалым Л.Дүйсембекова [10, 114]. Алайда көпшілікке әсер ету күші басым бұқаралық ақпарат құралдарында (телеведение, радио, газет-журнал) сөз тіркестерін, оралымдарды қайталамау, жазуда (айтуда) үнемділікке ұмтылу, тыңдаушыға (оқушыға) әсер ету сияқты мақсаттарда -уда формантының жұмсалу жиілігі, яғни қолданымдық белсенділігі артып отырғанын жасыра алмаймыз.

Ісқағаздарын аудару кезінде шығыс (аударылатын)  және кіріс (аударма жасалатын) тілдің лексикалық (негізінен терминдер) бірліктерін аудару және қалыптастыру бірінші мәселе болса, екіншіден, синтаксистік құбылыстар жете ескерілуі қажет. Мысалы, орыс тілі мен қазақ тілінің заңдылығы әртүрлі болғандықтан, сөйлем құрылысы, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі бір-біріне сай келе бермейтіні белгілі жайт. Осындай жайттарды ескермеудің салдарынан төмендегі мысалдан тілдік нормадан ауытқуды және қазақ тіліне аударылып отырған құрылымдардың түпнұсқа тілінің (бұл жерде  орыс тілінің) ықпалына түсуін байқауға болады. Түрлі құжаттарда, мәселен, бұйрық пен өкім соңында төмендегідей сөздер жазылады:

Внесено: ___________           Учебно-методическое управление

СОГЛАСОВАНО: ________ Проректор по учебно-методической работе

Мұндай құрылымдар орыс тілінің синтаксистік жүйесінің әсерінен қазақ тіліне қате аударылып жүр: 

Енгізілді: ______________    Оқу-әдістемелік басқарма

КЕЛІСІЛДІ:___________ Оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор

Бұл құрылымдағы сөздердің орын тәртібі орыс тілінің заңдылығына емес,  қазақ тілінің заңдылығына сүйене отырып, былайша берілуге тиіс:

Оқу-әдістемелік басқарма                       _____________            ЕНГІЗДІ

Оқу-әдістемелікжұмысжөніндегіпроректормен_______    КЕЛІСІЛДІ [10, 115].

Қазіргі іс жүргізудегі аударма материалдарды: а) салалық құжаттар тіліндегі оралымдардың аудармасы; ә) салалық кәсіби сөздердің аудармасы; б) жекелеген жаңа сөздердің аудармасы (қазіргі тіл білімінде терминдердің бір түрі ретінде пайда болып, жасалып, өзге тілдерден алынып жатқан ұғымдарды неонимдер деп атайды – Е.Ә.); в) салалық терминдердің аудармасы және т.б. деп топтастырып көрсетуге болады [11, 124]. Көріп отырғанымыздай, ісқағаздары аудармасында да тілдің әртүрлі деңгейлері қамтылып, мұндай аударма мәтіндер (әрине сәтті шыққан жағдайда) ұлттық тілдік қордың бір көзі ретінде қалыптасып келеді.

Аударманың арқасында қазақ тілінің ісқағаздар стилі әртүрлі тілдік бірліктермен толығып отырғаны оң нәтиже болса, екінші қырынан, жоғарыдағы мысалдардан аңғарғанымыздай, қазақ тілінің сөйлем құрылымдарын шұбалаңқы өзге ойлау жүйесіне салып жатқан тұстар, қазақ тілінің табиғатына жат қолданыстар да аз емес. Біздіңше, бұл да аудармашылардың шеберлігіне немесе тәжірибесіздігіне, қабілетсіздігіне орай болып жатқан жайттар. Ісқағаздарының аудармасында орыс тіліндегі сөйлемдегі бірде-бір сөзді қалдырмай аударуға тырысу үдерісі бар. Бұл сөзбе-сөз аударуға, құрылымды өзгертпей аударуға деген ұмтылыстан туындап отыр. Бұл кемшілікті түзетуге жетелейтін тәсіл мазмұнды жіті ұғынып, оны беруде қазақ тілінің құрылымын дұрыс пайдалану деп санаймыз.

Ресми қарым-қатынаста дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білу үшін ресми стильдік элементтерді бейтарап стильдік элементтерден ажырата білу, қазақ тіліндегі сөйлем құрылысының заңдылығын сақтау, орфографиялық, орфоэпиялық, синтаксистік норманы білу, қазақ тілінің табиғи қалпын сақтау қажет деген талаптар қойылады [10, 116]. Өкінішке қарай, бұл талаптарды әліге дейін толыққанды орындай алмай жатқан жағдайларымыз кездеседі. Мысалы, мекемелер мен кәсіпорындарда бірінші басшының лауазымына немесе басшылық құрам өкілдерінің лауазымдарына айрықша мән беру үшін Басқарма Төрағасы, Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары және т.б. атауларды орыс тіліндегі Председатель Управления, Первый заместитель Председателя Управления деген қолданыстардың аударма-көшірмесі (!) ретінде жазу дағдыға айналып барады. Бұл – орфографиялық заңдылыққа сыймайтын қателік. Өйткені белгілі бір атауды білдіретін сөз тіркестерінің, дұрысында күрделі атаулардың бірінші сөзі ғана бас әріппен жазылуға тиіс.

Қазіргі қазақ тілінде қысқарған сөздерді бірізге түсіру (қысқарған сөздердің сөздігін жасау) мәселесі де өткір тұр. Мысалы, мекемелерде құжаттар тілінде сөздерді, атауларды қысқартып қолдануға деген «құштарлық» (орыс тіліндегі мәтінде қысқарған сөз қолданылған жағдайда) байқалады. Осы орайда, кейбір сөздердің қысқартылуы түсініксіз болып қала берсе, кейбір қысқартулар бірдей нұсқада болып шығады. Мысалы: ҚҚБ – құқықтық қамтамасыз ету басқармасы, ҚҚБ – құжаттық қамтамасыз ету бөлімі және т.б. [11, 126].

Сонымен қатар қазіргі ісқағаздарын аудару үдерісінде жалпы аудармаға қойылатын түсініктілік, қарапайым стильмен беру, сөйлемнің жатықтығы мен сөздердің, сөйлемдердің арасындағы байланыстың сақталуы сияқты талаптардың ескерілмей жатқандығын айта кеткеніміз жөн. Ісқағаздарын аудару кезінде қолданылатын жекелеген сөзді, грамматикалық тұлғаларды ресми стильге оңтайландырыла қолдану үшін орын алмастыру, ауыстыру, қосу, түсіріп кету сияқты трансформациялық процестердің қай-қайсысын да орнымен, мүмкіндігінше пайдалануға болады деп санаймыз.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» жасалған «Энциклопедияларды, ғылыми-публицистикалық, іскерлік, көркем және басқа да әдебиеттерді түпнұсқа тілінен қазақ тіліне аудару ісін ұйымдастыру және көп таралыммен шығару мемлекеттік тілдің қазіргі қолданбалы ғылым тілі ретіндегі рөлін барынша күшейтуге мүмкіндік береді» [8] деген тұжырым да аударма ісінің қоғамның барлық саласындағы маңызды рөлін аңғартады. Сондықтан қазақ ісқағаздарын аудару арқылы қалыптастыру тіл саясатын жүргізудің, ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізудің алғашқы кезеңіндегі құбылыс болып қалып, ісқағаздарын бірден қазақ тілінде жазып, қазақ тілінде жүргізетін кез жеткен тәрізді.

         Сонымен ісқағаздар пәнінің қарастыратын мәселелерін төмендегіше қысқаша топтастырамыз:

         - ресми ісқағаздарының стильдік ерекшеліктері;

         - ресми ісқағаздарының коммуникативтік мақсатқа сәйкес ішкі тармақтарының ерекшеліктері;

         - ресми ісқағаздарының тілдік және құрылымдық белгілері;

         - ресми ісқағаздарының ресімделуі (орфографиялық, орфоэпиялық, синтаксистік норманың сақталу және құжаттардың құқықтық нормаға сай дұрыс ресімделуі);

         - құжат айналымын мемлекеттік тілде жүргізудің практикалық мәселелері.

Әлемдік лингвистика мен қазақ тілтанымындағы ресми-іскери стильге қатысты ғылыми зерттеу еңбектерінен алынған басты қағидаларды  салыстыру, қорыту және тілдік фактілерге семантикалық, стильдік талдау жасау барысында төмендегідей тұжырымдарға келіп отырмыз:

- ресми-іскери стиль – құқықтық, саяси, өндірістік, әкімшілік, қоғамдық және халықаралық қарым-қатынастарда қолданылатын, қоғамда қалыптасқан тілдік ахуалға сәйкес қазіргі кезеңде ішкі тармақтарға ұлғайған және күрделенген, стильдік белгілері барынша айқындалған қазақ әдеби тілі функционалдық стильдерінің бірі;

- ресми-іскери стиль функционалдық-стильдік шоғырлану шеңберінде және коммуникативтік мақсатқа сәйкес мынадай ішкі тармақтарға бөлінеді: азаматтық қатынастарға арналған құжаттар, ақпараттық-анықтамалық құжаттар, нормативтік-жарлықшы құжаттар, ұйымдық құжаттар;

- ресми-іскери стильдің аталған ішкі тармақтарына тән белгілер: а) стильдік ортақ белгілер: стандарттылық, дәлдік, ықшамдылық, ресмилік; ә) тілдік белгілер: терминдік жүйенің қолданылуы, клише бірліктердің болуы, ойды дәнекерлеуші бірліктердің стандарт бірліктер ретінде орнығуы; номенклатуралық атаулардың толық және қысқарған тұлғаларының сипатты болуы; б) құрылымдық белгілер: міндетті нысандардың белгілі бір тәртіппен орналасуы;

-   ресми ісқағаздарын бір тілден екінші тілге аударуда тұрпат межесі мен мазмұн межесін ескеру, салалық кәсіби сөздерді аудару, жекелеген жаңа сөздерді аудару (неонимдер), салалық терминдерді аудару мәселелері қарастырылып, орын алмастыру, ауыстыру, қосу, түсіріп кету және т.б. сияқты трансформациялық процестер тиімді қолданылады.

         

Пікір 0

Пікір қалдырыңыз

Сайт бойынша іздеу

Мақалалар

Үздік мақалалар

Орыс, ағылшын және қазақ тілдері материалдары негізіндегі реферативті және аннотациялық аударма туралы 06 Желтоқсан - 0 пікір

Аудармашы-маманға шет тілінде жазылған...

Толығырақ..
ҮКІМЕТ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕДІ 03 Наурыз - 0 пікір Толығырақ..
Қазақ тіліндегі ресми-іс қағаздар тілінің дамуына экстралингвистикалық факторлардың ықпалы 23 Маусым - 2 пікір

    Мемлекеттің кескін-келбетін сомдап, қоғамдық болмысын көрсететін тіл...

Толығырақ..