АУДАРМАДА ГРАММАТИКАЛЫҚ ҚҰРАЛДАРДЫ ТАҢДАУДАҒЫ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖӘНЕ КОГНИТИВТІК МӘСЕЛЕЛЕР

Адамзат баласының қоршаған орта туралы танымы ортақ болғанымен,  кез келген ұлттың әлем туралы түсінігі мен танымында ерекшеліктер болатындығы – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бұл ерекшеліктер әрбір ұлттың тарихына, салт-дәстүріне, менталитетіне және т.б. байланысты екендігі белгілі. Әрбір халық, сол халықтың өкілі әлем бейнесін өнері (сурет, би, ән, күй және т.б.), ғылымы, салт-дәстүрі және т.б. арқылы өзінше бейнелейді. Ал кейінгі лингвистикалық бағыттарда адамзат баласының тілі әлемді тану мен танытудың ең басты құралы ретінде зерттелуде. Осындай зерттеулердің нәтижесінде кез келген тіл оны тұтынушы халықтың рухани дүниетанымынан, болмысынан хабар беретін тарихи-мәдени жәдігер ретінде танылып отыр.

Тіл білімінің аударматану саласының қалыптасып, әрі қарай дамуына әлем халықтарының тілдік құрылымындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтардың құрылымдық тіл білімінде салғастырмалы-салыстырмалы әдіс арқылы зерттелуі үлкен үлес қосты. Тіл ғылымы салаларының барлығы дерлік тілді антропоөзектік бағытта адам танымымен байланыстыра қарастырып отырған бүгінгі таңда мұндай ұқсастықтар мен айырмашылықтар когнитивті лингвистика тұрғысынан зерттелуде. Өйткені аударма үдерісі қандай да бір тілдегі бірліктерді екінші тілдің құрылымдық тұлғалары (формалары) арқылы тәржімалап қою емес, сол бірінші аударатын  тілді (бастапқы тіл – выходной язык) тұтынушы ұлттың санасындағы тіл арқылы жасаған «әлем бейнесін» екінші аударылатын тілді (енгізілетін тіл – входной язык) қолданушы халықтың дүниетанымындағы тіл арқылы жасалған «әлем бейнесіне» айналдыру болып табылады. Осы орайда В.Гумбольдттың: «Разные языки – это отнюдь не различные обозначения одной и той же вещи, а различные видения ее», – [1, 349] деген пікірінің астарында әрбір ұлттың тіліндегі ерекшелік сол ұлттардың танымдық (когнитивтік) ерекшеліктеріне байланысты деген ой жатыр деп санаймыз.

Аударма теориясының көрнекті маманы Л.С.Бархударов «аударма – бір тілдің сөйлеу шығармашылығын оның мазмұн межесін (план содержания), яғни мағынасын өзгеріссіз екінші тілдің сөйлеу шығармашылығына айналдыру үдерісі», – деп жазады [2, 11]. Бұл әрине аударма үдерісінде аудармашының алға қоятын негізгі мақсаты екендігі белгілі. Аударма үдерісінде ең алдымен тілдік бірліктің өзі (лексема, грамматикалық тұлға, синтаксистік құрылым), яғни тұрпат межесі (план выражения) негізгі объекті саналғанымен, кез келген тәжірибелі аудармашы оның (тұлғаның) мәнмәтіндегі жұмсалымдық әлеуеті мен мағыналық ауқымын жетік білуге тиіс.

Аударма үдерісі, жинақтап айтқанда, үш кезеңге бөлінеді: 1) талдау (бастапқы тіл аясындағы трансформация); 2) аудару (бастапқы тілдің құрылымы енгізілетін тілдегі балама құралдармен ауыстырылады); 3) жинақтау (синтез) (аударма мәтін түзіледі) [3].

Аударма үдерісінде аудармашы лексикалық бірліктердің баламасын табумен қатар, қандай да бір грамматикалық рәсімдеуді (тұлғаны) таңдайды. Бұл жоғарыда айтылған талдау кезеңіне жатады. Аударма жасау барысында тілдік бірліктердің мағынасы да, коммуникативтік әсер де, бір қарағанда,  айқын сияқты көрінеді. Алайда аударма үдерісінде аудармашы «аударатын (бастапқы) тілдегі құралдар мен аударылатын (енгізілетін) тіл жүйесінің «өзіндік жады» арасында таңдау жасайды [4, 154]. Бұл – аудару кезеңі. Ал аударма мәтіннің түзілуіне негіз болатын жинақтау кезеңінің сипатын таза тілдік тұрғыдан ғана емес, түпнұсқа авторының (сондай-ақ тіпті аудармашының да) прагматикалық, коммуникативтік мақсаттары және т.б. экстралингвистикалық жағдайлармен байланыстыра түсіндіру қажет болады.

Аударма үдерісіндегі грамматикалық таңдау әрбір тілдің идиоэтникалық ерекшелігін түйсіне білуге байланысты болады және көбінесе түпнұсқа-мәтін мен аударма-мәтіннің (тіпті осы мәтіндердің үзінділерінің) коммуникативтік нәтижелері бір-біріне жақын болатындығы соншалықты, олар балама саналады [4, 157].  Мысалы, Я писал письмо другу ­– Мен досыма хат жаздым деген сөйлемде түпнұсқа мәтін мен аударма мәтіндегі тілдік бірліктер бір-біріне балама болып тұр.

Бұл жерде біз тілдік бірліктер деңгейіндегі баламалық туралы ғана айтып отырмыз. Ал В.Н.Комиссаров аудармадағы төмендегідей баламалық деңгейлерін көрсетеді: 1) тілдік бірліктер деңгейі; 2) сөйленімдік деңгей; 3) хабарламалық деңгей; 4) жағдаяттық деңгей; 5) коммуникативтік мақсат деңгейі [5, 76].

Келтірілген сілтемеде көрсетілген сөйленімдік, хабарламалық, жағдаяттық және коммуникативтік мақсат деңгейіндегі баламалық негізінен прагматикалық тұрғыдан қарастырылып, жалпы мазмұнды беруде маңызды рөл атқарады. Алайда мұндай баламалық түрлерін анықтау «техникалық» жағынан «қолайсыздық» тудыруы мүмкін. Өйткені түпнұсқа тілдің қандай да бір бірлігіне аудармада екі немесе одан да көп (немесе керісінше) бірлік сәйкес келетін жағдайлар кездеседі. Сондықтан мәтінді мәнмәтінге мазмұны ең жуық келетін бірліктермен (құрылымдармен) аудару керек болады. Мысалы, Во время работы нельзя разговаривать деген сөйлемді Жұмыс уақытында сөйлесуге болмайды, Жұмыс уақытында сөйлеспеңдер немесе Жұмыс уақытында сөйлеспеу керек деп аударуға болады. Тағы бір мысал: Телефон тұтқасын іле салдым. Ғабеңнің өзі екен. Қалай бармассың (М.Рәш) Я положил трубку телефона. Звонил сам Габен. Надо идти (аударма біздікі – С.Қ.). Мұндағы Қалай бармассың тіркесін ұқсас құрылыммен Как не идти деп аударса, біздіңше, жазушының ішкі ниеті (дұрысында міндеттілік мағына) өз деңгейінде көрінбес еді.

Аударма үдерісінде бір тілдегі белгілі бір тұлға екінші тілдегі балама тілдік тұлғамен дәлме-дәл аударылмайтын жағдайлар да кездесуі мүмкін. Мысалы, Он привязан веревкой деген сөйлем Ол арқанмен байланған деп дұрыс аударылғанымен, Приказ утвержден директором деген сөйлемді дәлме-дәл Бұйрық директормен бекітілген деп қате аударатын жағдайлар кездеседі. Дұрысы – Бұйрықты директор бекіткен. Орыс тіліндегі бір ғана грамматикалық тұлға қазақ тіліне екі түрлі грамматикалық (синтаксистік) қоршаумен аударылған. Мұны профессор Ж.Жақыпов активтілік/пассивтілік категориясының берілу ерекшелігімен түсіндіреді [6, 16]. 

Аудармада кездесетін тағы бір жайт – бір тілдегі қандай да бір тұлғаны екінші тілдегі осы (немесе осыған ұқсас) тұлғаға қарама-қарсы (оппозициялық) мағынадағы бірліктермен (құрылымдармен) аударуға да болады. Мысалы, Директор несет ответственность за несвоевременное перечисление установленной части чистого дохода в бюджетДиректор бюджетке таза табыстың белгіленген бөлігі уақытылы аударылмағаны үшін жауапты болады. Мұнда орыс тіліндегі болымсыз тұлғада қолданылған  несвоевременное сөзі уақытылы түрінде болымды тұлғада, ал болымды тұлғадағы перечисление сөзі болымсыз тұлғада аударылмағаны түрінде берілген. Қолданылған синтаксистік «қарама-қайшылық» амалы түпнұсқа мәтін мен аударма мәтіннің мазмұн межесінің сәйкестігіне алып келген. Тағы бір мысал: Я честно говорю деген сөйлемді Мен шын айтып тұрмын деп тікелей аударса да, Мен өтірік айтып тұрған жоқпын деп (шын сөзіне антоним сөз бен болымсыз мағыналы жоқ сөзін  қолдана отырып) аударса да жалпы мазмұн сақталады. Алайда аудармашы сөйлеушінің тыңдаушыға әсер ету деңгейін, жалпы сөйлеу жағдаятын ескере отырып, осы екі нұсқаның бірін таңдайды.

Аудармада сөйленімдегі негізгі грамматикалық мағына тұлғаланған элементпен немесе аударылатын тіл жүйесінің мүмкіндіктеріне сәйкес грамматикалық (негізінен синтаксистік) кешеннің әрдеңгейлі құрауыштарымен білдіріледі. Өйткені:

- біріншіден, бір тілде тиісті тұлға болып, ал екінші тілде мұндай грамматикалық қатынас тұлғаланбаған немесе керісінше жағдайлар да кездеседі. Бұған орыс тіліндегі «тек» (род) категориясы сияқты қазақ тілінде (лексикалық бірліктерді қоспағанда) грамматикалық категория болмайтындығы – дәлел. Сондай-ақ бір тілдегі кейбір грамматикалық тұлғаларды екінші тілге екі немесе одан да көп сөзден тұратын синтаксистік кешенмен аударуға тура келеді. Мысалы,  данасу – притвориться умным, алқымдау – хватить за горло, баласырау – хотеть ребенка және т.б.

Профессор З.К.Ахметжанова орыс және қазақ тіліндегі меншіктілік (поссесивность), аспектуалдылық (қимылдың өту сипаты) және компаративтілік (сындық) функционалды-семантикалық өрістерінің сипатын салғастыра, яғни тілдік бірліктердің аудармасын мұқият зерделей отырып ашады. Мысалы, Пилоткасын бір шекесіне басыңқырап қойып (домбыраны) қағып-қағып жіберді (Т.Ахтанов) деген сөйлемдегі қағып-қағып жіберді тіркесі ударил несколько раз түрінде, ал Енді бармаймын деп өзіне қанша рет уәде берсе де, шыдап отыра алмады. Мешіт қасына тағы барды, бара берді (І.Есенберлин) деген сөйлемдегі тағы барды, бара берді тіркесі начал часто приходить түрінде, Сұлтанның бойынан көзге түскені аюдың табынындай үп-үлкен қолдары (С.Мұратбеков) деген сөйлемдегі аюдың табынындай үп-үлкен тіркесі очень большие, словно лапы медведя түрінде аударылады [7, 154-155, 185]. Бұл мысалдардан қимылдың өту сипаты, сындық категорияларын білдіруде қазақ тілінде негізінен қалыптасқан грамматикалық тұлғалар (етістіктердің қосарлануы немесе күрделенуі, -дай қосымшасы), ал орыс тілінде сөздердің тіркесуі қызмет атқарып тұрғанын көреміз.

- екіншіден, типологиялық жағынан туыс емес (тіпті туыстас тілдердің өзінде) бір-бірімен мағыналас тұлғалардың функционалды әлеуеттері, яғни мәнмәтіндегі жұмсалымдық «қабілетінің» деңгейі түрліше болуы мүмкін. Мысалы, красивая девушка – сұлу қыз, ару қыз, әдемі қыз, алайда У него красивый почерк дегенді Оның жазуы әдемі немесе Ол әдемі жазады деп аударуға болғанымен, Оның жазуы ару, Ол ару жазады немесе Оның жазуы сұлу, Ол сұлу жазады деп аудару стильдік жағынан «оғаштау» көрінеді. Бұл қазақ тіліндегі синонимдік қатар құрайтын сөздердің мағыналық ауқымы мен жұмсалымдық «қабілетіне» байланысты болатын жайт деп ойлаймыз.

Аударма үдерісінде «толық» (жалпы, әмбебап) грамматикалық құралдармен қатар, «айқын» (грамматикаланған тұлғалы парадигмалар) және «жасырын» (грамматикаланбаған құралдар арқылы білдірілетін немесе тілдік даму барысында айқын грамматика дәрежесіне жете алатын) грамматикалық құбылыстардың өзара әрекеттестігін байқаймыз [4, 164]. Мысалы, Ол жүгіріп келе жатып, сүрініп кетіп, құлап бара жаздап тұрып кетті деген сөйлемдегі қазақ тіліндегі қимылдың өту сипатын беретін аналитикалық құрылымдар орыс тіліне «совершенный» және «несовершенный вид» категориясының тұлғалары арқылы аударылады: «Он бежав, споткнулся и чуть не упав, встал». Алайда бұл аударма қазақ тіліндегі сөйлем бейнелейтін «суретті» дәл «жанды» қалпында көрсетіп тұр деп айта алмаймыз.

Аударма үдерісінде мәнмәтін түпнұсқа мәтінде айқын берілетін сияқты көрінеді, алайда бұл ­– бастапқы тілдегі мәнмәтін, бастапқы тілдің мүмкіндіктерінен туындайтын грамматикалық әрекеттің нәтижесі. Сондықтан аудармашы оны енгізілетін тілдің құрылымдық мүмкіндіктеріне, осы тілді тұтынушы халықтың танымына сай «өңдейді» немесе жағдаятты қайтадан түсіндіреді. Бір жағынан, мәнмәтіндік кешенді қарастыра отырып, тұлға қызметінің аясынан «шығып кетуге» болады, екінші жағынан, тұлғаның ауқымды мағынасын құрайтын сөйлеу жағдаятындағы «атомдық» қызметтері мен семантикасына тереңірек үңілу қажет [4, 166]. Мысалы, орыс тіліндегі етістікке қосылатын под- приставкасы «қандай да бір әрекетті үстемелей түсу, арттыра түсу» деген сияқты мағыналарды білдіргенімен, қазақ тіліне аударғанда түбір етістіктің семантикасына байланысты әртүрлі (негізінен синонимдес) сөздер қатысқан құрылымдармен аударылуы мүмкін (подбить – атып түсіру, подкипятить – біраз қайнату, подвыпить – аздап ішу, подбодрить – дем беру, подбежать – жүгіріп келу және т.б.). Ал орыс тіліндегі прочитать сөзін қазақ тіліне мәнмәтінге байланысты оқып шығу, оқып беру, оқып алу түрінде аударуға болады. Демек аударма үдерісінде грамматикалық тұрғыдан белгілі бір тұлғаларды ғана аударып қою жеткіліксіз, әртүрлі тілдердің әрдеңгейлі құралдарымен білдірілетін грамматика-мәнмәтіндік кешендер аударылуға тиіс.

Аудармада грамматикалық мағынаны беруде аударылатын (бастапқы) тілдің грамматикалық тұлғасына «қатып қалмай», оны кейде басқа жолдармен беруге, ал кейде тіпті мұндай тұлғаның қызметі «артық» саналғанда, оны түсіріп кетуге де болады. Бұл аударматану ғылымында «нөлдік аударма» аталады [5, 150]. Мысалы, Пошла бы и она в лес, но детей не с кем оставить Ол да орманға барар еді, балаларды қалдырып кетер ешкім жоқ. Байқап отырғанымыздай, орыс тілінде қарсылықты мағына жалғаулық арқылы айқындалып тұрса, қазақ тілінде бұл мағына жалғаулықсыз-ақ айқын көрінеді [6, 16]. Тағы бір мысал: В нашей статье рассматривается проблемы грамматического выбора в процессе перевода деген сөйлемді Мақаламызда аударма үдерісіндегі грамматикалық таңдау мәселелері қарастырылады деп аударып, орыс тіліндегі мәтіндегі нашей сөзін (біздің) түсіріп кетуге болады. Өйткені мақала сөзінің тәуелдіктің көпше түрдегі (шын мәнінде І жақтың сыпайы түрі деуге болады) І жағында тұруының өзі қажетті меншіктілік мағынаны беруде жеткілікті. Сондай-ақ Ел деген мұз сияқты: ақырын ұстасаң, түсіп кетеді, қатты ұстасаң, сынып кетеді (С.Мұқанов) деген сөйлемді Народ как лед: осторожно держишь – ускользает, крепко – ломается (мысал З.К.Ахметжанованың еңбегінен алынды – С.Қ.) деп аударғанда қазақ тіліндегі мәтіндегі қайталанатын ұстасаң сөзін орыс тіліне аударғанда түсіріп, орнына сызықша () қолданылған. Бұл сөйленімнің (высказывание) мазмұн межесіне нұқсан келтірмейтін стильдік тәсіл болып табылады. Демек «нөлдік аударма» үдерісінде жалпы грамматикалық мағына жойылып кетпейді, бұл сақтау заңы аталады. Алайда грамматикалық мағынаның жойылуына немесе солғындануына алып келетін «нөлдік аударма» жалпы сөйленім мазмұнының толық берілмеуіне себеп болатындығын естен шығармаған жөн.

Аударма үдерісінде тілдік құралдарды (лексикалық бірліктерді, грамматикалық тұлғаларды және т.б.) таңдауға төмендегідей факторлар маңызды рөл атқаратындығы белгілі:

1) аударылатын мәтіннің ерекшелігі мен сипаты: а) мәтіннің функционалдық сипаты; б) түпнұсқа мен аударма арасындағы уақыт және кеңістік қатынастары; в) түпнұсқаның жанрлық сипаты; г) түпнұсқаның бастапқы (аударылатын) тілдің жалпыхалықтық нормасына қатынасы;

2) аударма үдерісінің жүргізілу жағдайлары немесе шарттары:

3) аударма үдерісіне қатысушылар [5, 172-184]. Мұнда аударма үдерісінде жалпы тілдік құралдарды таңдауға әсер ететін жағдайлар жинақталып берілген. Ал бұл мақаланың мақсаты – аударма барысында грамматикалық құралдарды таңдаудағы кейбір тілдік-құрылымдық және экстралингвистикалық мәселелерге тоқталу болып отырғандықтан, түсініктеме беруді қажет санамадық.

Аударма үдерісінде қандай да бір грамматикалық тұлғаны таңдау белгілі бір тілдің ішкі заңдылықтарымен қатар төмендегі екі факторға да байланысты болады: а) сипатталатын жағдаят (грамматикалық тұлға референциальды мағынаға ие болады); ә) прагматикалық фактор [2, 157]. Аталған факторларды анықтау үшін грамматикалық тұлғаның өзіндік тілдік-жүйелік мағынасымен қатар сөйленімдегі (мәтіндегі, мәнмәтіндегі) жұмсалуын, яғни грамматикалық әрекетті мұқият қарастыру қажет болады. Ал қандай да бір грамматикалық әрекетке сөйленімдегі (мәтіндегі, мәнмәтіндегі) белгілі бір басым категориялық жағдаят негіз болады.

Аудармашының өз әрекеті барысында қандай тұлғаны қолдану керектігіне «бас қатыруы» оның белгілі бір коммуникативтік мақсатты «ең тиімді құралдармен» беруіне негіз болады. Бұл турасында профессор Ж.Жақыпов: «Сөйлем мүшелерін ауыстыруда сөйлемдегі коммуникативтік мүддені еске ұстаған жөн болар еді. Мәселен, У них был долгий, душевный разговор деген сөйлемді былайша екі түрде аударуға болар еді: 1) Олар ұзақ, шын жүректен әңгімелесті; 2) Олардың әңгімесі ашық та ұзақ болды. Егер түпнұсқа авторы әңгіменің «өткендігіне» ден қойып отырған болса, бірінші нұсқа дұрыс болар еді де, ал егер өткен әңгіменің сипатын көрсетуді мақсат тұтса, екінші нұсқа ұтымды болып шығар еді», – деп түсіндіреді [6, 16]. (Ғалымның айтып отырғаны аудармашының сөйлеудегі тема-ремалық қатынастан туған басым категориялық жағдаятты айқындау мәселесі деп санаймыз). Осыған байланысты аударма үдерісінде түрлі тілдердегі тұлғаларды (жекелеген лексемаларды да) тілді қолданушының прагматикалық, коммуникативтік мақсаттарына, біліміне және т.б. байланысты қолданған кезде туындайтын мұндай «әркелкіліктің» дұрыс шешімін табу үшін жалпы мазмұнды дәл беруге мүмкіндік беретін тиімдірек құралдарды қолдануға тура келеді.

Аударма үдерісі мен онда қолданылатын тілдік бірліктерді таңдау аудармашы-субъектінің құзырында болатындықтан, ол тіл бірліктерін коммуниканттардың өзіндік әрекеті ретінде қарап, солардың (және өзінің де) иелігіндегі дүние ретінде «жұмсайды». Сондықтан грамматикалық тұлғаны грамматикалық әрекет аясындағы үдеріс және таңдау нәтижесі ретінде қарастыруымыз қажет.

  Ғалым В.Н.Комиссаров өз еңбегінде Д.Селесковичтің «аударма – тілдік бірліктерге жүргізілетін операция емес, идеяларға жүргізілетін операция» (көлбеу жазумен берген біз – С.Қ.) деген пікірін келтіре отырып, «сондықтан аудармашы тілдік мазмұнды ғана емес, сөйленім мазмұнын түсіндіріп, түпкі мақсатына жетеді», – дейді [8, 39]. Ал аудармашының «түпкі мақсаты» – мәтіндегі негізгі ұғымды барынша көркем, әсерлі (көркем және публицистикалық аудармада), нақты, қысқа (ісқағаздарын аударуда), ұғынықты, жатық (ғылыми-техникалық аудармада) жеткізу, түптеп келгенде, ұлттың танымына сай шығарма тудыру.

Аудармашыға қажетті қасиеттерді ғалым Ә.Тарақов былайша бөліп көрсетеді:

1) энциклопедиялық білімнің молдығы, ой-өрісінің кеңдігі;

2) өз ұлттық тілін еркін меңгеруі және бай сөздік қоры;

3) жұмыс істейтін шет тіліндегі кез келген сөзді іштей еркін қабылдау қабілеттілігі;

4) жұмыс істейтін шет тілін еркін меңгеру, әсіресе оның сөйлеу тілін, идиомалық оралымдарын білу [9, 37]. Ғалым бұл қасиеттерді негізінен ілеспе (синхронды) аудармашы меңгеруі тиіс дегенді айтады. Біздіңше, бұл қасиеттер аударманың кез келген түрімен айналысатын маманның бойында болуы шарт.

Профессор А.М.Алдашева аудармашының қызметіне мынадай талаптар қояды: 1) жалпы бағдарлы ақпаратты (фоновая информация) білу; 2) екі тілдің лексикалық-грамматикалық құрылымын жетік меңгеру [10, 74]. Біз, ғалымның пікіріне қосыла отырып, өз тарапымыздан аудармашы екі тілді де (әсіресе аударылатын (енгізілетін) тілді) тұтынушы халықтың танымын, дәлірек айтсақ, тілдік бірліктердің мазмұн «тұңғиығындағы» когнитивтік ойлауын басшылыққа алуы қажет деп санаймыз.

Құрылымдық грамматикаларда, әдетте, морфологиялық бірліктердің парадигмасын берумен немесе олардың қызметін санамалаумен шектеліп, коммуникативтік жағдаят пен когнитивтік ерекшелік ескеріле бермейді. Сол себепті әсіресе шет тілін үйренушінің тілдік санасында ұлттық әлем бейнесі дұрыс қалыптаспайды. Тіпті «білікті» аудармашылардың өздері де өзге мәдениеттің табиғатын тіл арқылы бейнелеуде «шалағайлық» танытуы ғажап емес [4, 169]. Мысалы, қазақ тіліндегі фондық лексиканы құрайтын шаңырақ, кереге, уық және т.б. лексемаларды, ботақан, қошақан, құлыным және т.б. сияқты қаратпа сөздерді, Абылайдың асындай, Асанқайғыға салыну, асанқайғылану, Шық бермес Шығайбай, Атымтай жомарт сияқты прецеденттік есімдерді, асығы алшысынан түсу, ақ түйенің қарны жарылу, аяғы оқтаудай, егіз қозыдай және т.б. фразеологиялық тіркестер орыс тіліне сөзбе-сөз аудару мүмкін болмағандықтан, кейбір лексемаларды өзгеріссіз (жазудағы таңбалық ерекшелікті есептемегенде) аудармай алады немесе мәнмәтінге қарай мағынасы жуық тілдік бірліктермен аударылады. Зерттеуші А.Әмірбекова бұларды тек ұлтқа тән тілдік таңбалар болып табылатын иконды этнотаңбалар қатарына жатқызады [11, 11]. Бұл қазақ тіл білімінде лексикологияға қатысты айтылған мәселе болғанымен, грамматика саласын когнитивті лингвистика бағыты бойынша зерттеген еңбектер жоқтың қасы. Сондықтан аудармадағы грамматикалық тұлғалардың когнитивтілігі турасында қазірше «нобайлап» қана айтуға тура келеді. Мысалы, орыс тіліндегі ресми ісқағаздарында ...по Вашему указанию ..., ...руководителем который Вы являетесь және т.б. деген тіркестер кездеседі және олар ...Сіздің нұсқауыңыз бойынша, ...басшысы Сіз болып табылатын... деген тәрізді құрылымда аударылып жүр. Орыс тілінде көптікті білдіретін (вы – сендер) және сыпайылықты білдіретін (Вы – сіз) сөз бір ғана формада болғандықтан, соңғысы бас әріппен жазылатындығы түсінікті. Ал қазақ тілінде олардың жеке-жеке тұлғасы болғандықтан, бас әріппен жазу дұрыс емес деп ойлаймыз.

Мақалада айтпақ ойымызға аударма теоретигі Л.К.Латышевтің мына пікірін де тұздық ете кетуді жөн көрдік: «...аударылатын мәтін «аударушының мәдениетіне көшірілуі» тиіс болғанына қарамастан, аударылған мәтінде бастапқы тілді қолданушының мәдени колоритін сақтауы керек» [12, 11]. Демек аударма үдерісінде енгізілетін (аударылатын) тілдің лингвистикалық заңдылықтарын сақтаумен қатар, түпнұсқа және аударма мәтін иесі халықтарының танымын негізге алу, яғни аударматану ғылымының теориясы мен практикасын когнитивті лингвистиканың теориялық тұжырымдарымен байланыстыра дамыту қажет.

Пікір 0

Пікір қалдырыңыз

Сайт бойынша іздеу

Мақалалар

Үздік мақалалар

Орыс, ағылшын және қазақ тілдері материалдары негізіндегі реферативті және аннотациялық аударма туралы 06 Желтоқсан - 0 пікір

Аудармашы-маманға шет тілінде жазылған...

Толығырақ..
ҮКІМЕТ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕДІ 03 Наурыз - 0 пікір Толығырақ..
Қазақ тіліндегі ресми-іс қағаздар тілінің дамуына экстралингвистикалық факторлардың ықпалы 23 Маусым - 2 пікір

    Мемлекеттің кескін-келбетін сомдап, қоғамдық болмысын көрсететін тіл...

Толығырақ..