ПРАГМАТИКАЛЫҚ ҚАТЫНАСТЫҢ АУДАРМАДАҒЫ КӨРІНІСІ

Аударманың кез келген түрінде ең алдымен түпнұсқа мәтіннің мазмұнын (ойды) дәл беру талап етіледі. Алайда аударма процесінде түпнұсқадағы мағынаның айқын білдірілгендігін немесе тұспалды екендігін ажырату кейде қиындық тудыруы мүмкін. Аударма теоретигі В.Н. Комиссаров мұндай жағдайдың төмендегідей бірнеше түрін атап көрсетеді:

1) Түпнұсқадағы және аудармадағы эксплицитті және имплицитті мағынаның арақатынасы бірдей болады. Мұндай жағдайда түпнұсқаның тілдік мазмұны өзгеріссіз, имплицитті түрде беріледі.

2) Түпнұсқадағы және аудармадағы эксплицитті және имплицитті мағынаның арақатынасы бірдей болады. Мұндай жағдайда имплицитті мағына түпнұсқа мазмұнын жетілдіру (модификациялау) арқылы беріледі.

3) Түпнұсқадағы және аудармадағы эксплицитті және имплицитті мағынаның арақатынасы имплицитті элементті (импликационал) экспликациялау арқылы өзгереді [1, 263].

Имплицитті (астарлы) мағына тілде негізінен сөйлеушінің біліміне негізделген прагматикалық мақсатын білдіруден туындайды. Ал прагматикалық мақсат сөйлеушінің коммуникативтік мақсатын білдіруінің ерекше тәсілі болып табылып, сөйлеушінің (жазушының) тыңдаушыға (оқырманға, көрерменге) эмоциялық-экспрессивтік әсер етуін күшейтуді көздейді.

Әрбір мәтінде автордың өзіндік коммуникативті мақсаты түрліше болатындықтан, мәтіндегі ақпаратты қабылдай отырып, оқушы (аудармашы) мәтінмен, яғни тілдік бірліктермен белгілі бір «қатынасқа түседі». Бұл прагматикалық қатынас деп аталады. Бұл қатынас негізінен интеллектуалды сипатқа ие болады. Алынған ақпарат оқушының (аудармашының) сезіміне әсер етіп, белгілі бір эмоционалды реакция тудырып, қандай да бір іс-әрекетке итермелеуі мүмкін. Мәтіннің осындай коммуникативті әсер етуі, оқушының (аудармашының) хабарға прагматикалық қатынасын тудыруы, басқаша айтқанда, ақпарат алушыға прагматикалық әсер етуі мәтіннің прагматикалық аспектісі немесе прагматикалық әлеует (прагматика) аталады.

Ақпарат алушыға прагматикалық әсер ету кез келген тіларалық коммуникацияның маңызды қызметі болып табылады. Аудармашының берілетін хабарға қажетті прагматикалық қатынасын білдіруі негізінен оның аударма мәтінді құру кезінде тілдік құралдарды таңдауына байланысты болады.

Аудармашы аударма процесінің алғашқы кезеңінде түпнұсқаны жеткізуші (түсіндіруші) рөлін атқара отырып, ондағы ақпаратты мүмкіндігінше толық «сығып» алуға ұмтылады. Ол үшін аудармашының бастапқы тіл «тұтынушыларына» тиесілі фондық білімі жеткілікті болуға тиіс. Аударманың сәтті шығуы аудармашының бастапқы тілде сөйлейтін халықтың тарихымен, мәдениетімен, әдебиетімен, салт-дәстүрімен, қазіргі өмірімен және басқа да реалийлерімен жан-жақты таныс екендігін дәйектейді.

Аудармашы кез келген оқырман (тыңдарман) тәрізді берілетін хабарға өзінің жеке қатынасын да үстемелеуі мүмкін. Алайда тіларалық коммуникацияның тілдік «делдалы» ретінде аудармашы түпнұсқа мәтіннің аудармасын дәл беру үшін өзінің жеке қатынасын әсіре бейнелеуге ұмтылмауға тиіс.

Аударма процесінің екінші кезеңінде аудармашы оқырманның (тыңдарманның) бастапқы хабарды түсінуін қамтамасыз етуге тырысады. Аудармашы олардың басқа тілдік ұжымға жататындығын, білімінің және өмірлік тәжірибесінің, тарихының, мәдениетінің өзге екендігін ескереді. Сондықтан бастапқы мәтінді толыққанды түсінуге кедергі келтіретін жағдайларда аудармашы аударма мәтініне қажетті өзгерістер енгізе отырып, бұл кедергілерді жояды [2, 163-166] және түпнұсқа мәтіндегі ұлттық колоритті сақтай отырып, аударылатын тілді тұтынушы халықтың танымымен байланыстырады.

Ал аударманы пайдаланушының тиісті фондық білімінің жоқтығы астыртын мағынаны экспликациялау, аударма мәтінге тиісті толықтырулар мен түсініктемелер енгізу қажеттігін тудырады. Бұл, мысалы, түпнұсқада жалқы есімдер, географиялық атаулар және әртүрлі мәдени-тұрмыстық реалийлер атаулары пайдаланылғанда жиі кездесетін құбылыс. Мәселен, қазақ тіліне Ресейдегі Башкирия, Чечня, американдық Massachusetts, Oklahoma, Virginia, канадалық Alberta, Manitoba немесе ағылшындық Middlesex, Surrey атауларын аударғанда оқырманға түсінікті болу үшін республика, штат, провинция, графтық деген сөздер қосылып, Башқұт Республикасы, Шешен Республикасы, Массачусетс штаты, Альберта провинциясы, Миддлсекс графтығы түрінде беріледі. Мұндай түсіндіруші элементтерді мекемелердің, фирмалардың, баспалардың және т.б. атауларын беруде де қосуға тура келуі мүмкін. Сондай-ақ кейбір жағдайларда қажетті қосымша ақпарат аударма мәтінде арнайы ескертпе арқылы беріледі.

Аударманың прагматикалық мәселелері түпнұсқаның жанрлық ерекшеліктері мен аударманы пайдаланушылардың (оқырманның, тыңдарманның) типтеріне тікелей байланысты. Әсіресе түпнұсқаның прагматикалық әлеуетін беруде көркем әдебиет аудармашылары айтарлықтай қиындықтарға ұшырайды. Ал ісқағазары мен ғылыми-техникалық аудармаларда жасырын мағына негізінен болмайтындықтан, бұл жағдай сирек кездеседі. Өйткені қандай да бір білім саласында жұмыс істейтін және барлық елдерде бірдей көлемдегі фондық ақпаратты игерген мамандарға арналған ғылыми-техникалық материалдар мен жалпы іс жүргізуге қатысты ортақ мазмұндағы құжаттар аудармасында прагматикалық «өңдеу» қажеттігі талап етілмейді.

Аударманың прагматикалық барабарлығын қамтамасыз етуде тіл тұтынушыларының жекелеген топтарының сөйлеуіндегі айырмашылықтарға байланысты болатын социолингвистикалық факторлар маңызды рөл атқаратындығын айта кетуіміз керек. Атап айтқанда, аударманы тұтынушының берілетін хабарды жан-жақты түсінуін қамтамасыз етудегі қосымша қиындықтар түпнұсқа мәтіндегі жалпыхалықтық нормадан ауытқу, территориялық-диалектілік, әлеуметтік-диалектілік және контаминацияланған сияқты субстандартты тұлғалардың қолданылуына байланысты туындауы мүмкін [2, 167-169].

Түпнұсқада контаминацияланған тұлғалардың қолданылуына еріксіз немесе әдейі іс-әрекеттер себеп болуы мүмкін. Бірінші жағдайда аудармашы бастапқы тілді жеткілікті меңгермегендіктен, өзінің қалауы бойынша бұрмаланған тұлғаларды пайдаланады. Екінші жағдайда контаминацияланған тұлғалар шетелдіктің сөйлеу ерекшелігі ретінде пайдаланылады және мәтіннің прагматикалық әлеуетін жасау құралдарының бірі болып табылады. Бұдан осы тұлғалардың прагматикалық қызметін жаңғырту аудармашының міндетіне енетіндігін көруге болады.

Контаминацияланған тұлғаларды қолдану көбінесе сөйлеу стилінің элементтерін пайдалануға, күрделі грамматикалық тұлғаларды (есімше және көсемше оралымдарды, құрмалас сөйлемдерді, етістіктің күрделі  аналитикалық форманттарын және т.б.) қолданудан «бас тартуға» алып келеді. Мұндай контаминацияланған тұлғаларды қолданудың мысалы ретінде өзге ұлт өкілдері немесе ана тілін білмейтін қазақтар жұрнақ-жалғауларды (дыбыстарды дұрыс айта алмауды қоспағанда) қолданудағы қателіктерін жатқызуға болады. Мысалы, анама деудің орнына анамға, мен барамын, сен барасың деудің орнына мен барады, сен барады және т.б. Мұндай қате сөйлеуді бейнелеудің кейбір стандартты тәсілдері шетелдіктің сөзі ғана емес, оқымаған адамның сөйлеуі ретінде қабылданатындығын ескеру керек.

Аударманың прагматикалық мақсаты оқырманға (тыңдарманға) автордың (тіпті аудармашының өзінің де) коммуникативтік әсер етуі түпнұсқаның басым (доминантты) қызметімен анықталады. Көркем әдебиет шығармалары үшін оқырманға, тыңдармаға әсер ету мәтіннің әдеби құндылығына байланысты болады. Ал ісқағаздарының, ғылыми-техникалық материалдардың басым қызметі қоршаған орта объектілерін бойынша сипаттама, түсініктеме немесе оларды пайдалану туралы нұсқау беру болғандықтан, оқырманға (тыңдарманға) прагматикалық әсер ету қызметі ғылыми немесе техникалық сипаттағы қажетті ақпаратты ұсыну болып саналады. Егер хабарды алушы оның негізінде сипатталған экспериментті жүзеге асыруға, операцияларды аспаппен немесе станокпен жасауға қабілетті болса, онда мәтіннің коммуникативтік әсеріне қол жеткізілгендігі. Мұнда түпнұсқа мен аударманың әсер етуінің тепе-теңдігі абсолютті болуы міндетті емес. Аудармада ғылыми-техникалық ақпарат осы ақпаратты мамандардың дұрыс пайдалануын қамтамасыз ететін дәл әрі қолжетімді түрде берілген жағдайлар болады, сөйтіп аударма аудармада прагматикалық міндет түпнұсқаға қарағанда жақсы болуы мүмкін.

Аудармашының түпнұсқаның мазмұнына байланыссыз, бірақ оны аудару барысында қол жеткізілетін прагматикалық мақсатты жүзеге асыру мүмкіндігі аудармашының тіларалық коммуникациядағы рөліне байланысты. Бір жағынан, ол тілдік «делдал» қызметін атқарады, екінші жағынан, аударма тілде мәтін жасаушы ақпаратты беруші болып табылады. Кез келген қызметтің нәтижесі көбінесе оның мақсатымен анықталатын болса, аудармашылық актінің мақсаты тіларалық коммуникацияның жалпы мақсатына сәйкес келмейді және аударма тілде түпнұсқаға коммуникативтік жағынан тең мәтін жасауды көздемейді.

Аударма процесі түпнұсқаны толыққанды берумен қатар, аудармашының өзінің, сондай-ақ тапсырысшының немесе жұмыс берушінің ниетімен байланысты қандай да бір мақсатты жүзеге асыруы мүмкін.

Аудармашы алдына насихаттық, ағартушылық және т.б. сипаттағы мақсат қойып, оқырманды (тыңдарманды) бір нәрсеге сендіруге, өзінің қатынасын түпнұсқа авторына немесе сипатталатын оқиғаларға «таңуға», оған қандай да бір саяси, экономикалық немесе жеке сипаттағы дау-дамайлардан қашуға немесе керісінше оларды ушықтыруға ұмтылуы мүмкін. Мұндай жағдай түпнұсқаның толықтай бұрмалануына алып келеді. Сондықтан кәсіби аудармашы аударма процесіне өзінің жеке түсініктері мен қызығушылығының мұндай әсерлерінен қашуға тиіс. Мұндай «экстрааудармашылық» прагматикалық факторларды қарастыру аударманың жалпы теориясының аумағынан шығып кетеді  [2, 171-175].

Аударма – мәдениетаралық қатынастың маңызды құралы, өйткені ол бір тілдік мәдениет айғағын екіншісіне таныстырушы әрекет. Мәдени қарым-қатынасқа көп түскен, яғни өзге мәдени әлемнің когнитивті тәжірибесімен кеңінен таныс мәдениеттің тілінің аударуға бейім келетіндігі, соның нәтижесінде аударма ісінің үдере өрбитіндігі де белгілі жайлар. Сондықтан аударманың сауатты жүйесін жасау үшін қазақ тілі немесе аудармаға түсіп отырған өзге тілдің мәдениеті саласындағы білімдерін толықтырады әрі кеңейтеді [3, 44].

Бүгінгі аударма қызметінің кеңеюіне, қажеттілігіне қарай, мынадай маңызды міндеттердің әсер ететіндігі анықталады: 1) ұлттық мәдениеттің өзінің қайталанбас төлтума тұрпатын сырт елдерге танытады; 2) сыртқы мәдениеттердің құндылықтарын жеткізу арқылы жасаң мәдениеттерді жаңғыртып, жаңартып, тың даму үрдісін жасайды; 3) елдердің өзара байланысында тілдердің сырттан кірген жаңа ұғымдар мен түсініктерді бейнелеуге бейім сөздерін іздестіруге, саралауға бейімді етіп, тілді жаңартып, жасандырады; 4) қазақ тіліндегі төл ұғымға жаңа заман тілдесімінің қондырғысы болады; 5) сөйлем құрылымында еш өзгеріс болмаса да, грамматика-лингвистикалық стиліне толықтырулар жасап, өзгеріс енгізуіне себепші болады [3, 45-46].

Ұлттық ерекшелік коммуникацияның барлық саласына қатысты болады, тіпті, бір қарағанда, қарым-қатынастың әмбебап және күнделікті жағдаяттарында маңызды ұлттық ерекшеліктер болады, оларды мәдениетаралық коммуникацияда да, сондай-ақ аударма практикасында да ескеру қажет. ... Оларды меңгеру сөйленімді басқа лингвомәдениет нормалары бойынша және қарым-қатынастың ұлттық стиліне сәйкес құруға көмектеседі [4, 64-65].  

Қандай да бір халықтың көркем әдебиетінде, жалпы оның мәдениетінде, атап айтқанда, аударма айналысатын жазба мәдениетінде бейнеленген ұлттық ерекшелігі ұлтқа тән және ұлттың тарихи дамуына сәйкес үнемі дамып отыратын ерекшеліктер мен қасиеттердің жиынтығы болып табылады. Шын мәнінде, өзінің терең негізінде олар да жалпыадамзаттық, интернационалдық сипатқа ие, бұл сипатқа тарихи жағдайлар ұлттық бояу сіңіріп, өзінің ерекше бейнесін береді [5, 38]. 

Сөз соңында аударма процесінде, негізінен көркем аудармада (ғылыми-техникалық материалдар мен іс жүргізуге қатысты құжаттар аудармасында прагматикалық «өңдеу» сирек кездеседі) түпнұсқа авторының прагматикалық қатынасын толыққанды зерттеу прагмалингвистика, сондай-ақ этнолингвистика, когнитивті лингвистика салаларының тығыз бірліктегі қарастыратын мәселесі дегіміз келеді. Жалпы прагматикалық қатынас әр ұлттың өзіндік ерекшелігіне байланысты болатындықтан, мұндай қатынасты аударма мәтінде беру әрбір халықтың танымын жетік білуге, мәдениетаралық қатынасты қалыптастыруға байланысты болады.

Пікір 0

Пікір қалдырыңыз

Сайт бойынша іздеу

Мақалалар

Үздік мақалалар

Орыс, ағылшын және қазақ тілдері материалдары негізіндегі реферативті және аннотациялық аударма туралы 06 Желтоқсан - 0 пікір

Аудармашы-маманға шет тілінде жазылған...

Толығырақ..
ҮКІМЕТ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕДІ 03 Наурыз - 0 пікір Толығырақ..
Қазақ тіліндегі ресми-іс қағаздар тілінің дамуына экстралингвистикалық факторлардың ықпалы 23 Маусым - 2 пікір

    Мемлекеттің кескін-келбетін сомдап, қоғамдық болмысын көрсететін тіл...

Толығырақ..