АУДАРМАДАҒЫ СӘЙКЕСТІКТЕР МЕН ҚАТЕЛІКТЕР ТҮРЛЕРІ

Аудармаға қойылатын ең басты талап оның түпнұсқа мәтінге тұрпат және мазмұн межесі тұрғысынан, яғни құрылымдық жағынан да, мағыналық жағынан да барынша жақын болуы екендігі белгілі. Бұған қол жеткізу үшін тұтастай мәтін ғана емес, осы мәтіндегі сөйленімдер және осы сөйленімдерді құрайтын бірліктер балама болуға тиіс. Дегенмен, аудармада түпнұсқа мәтіндегі белгілі бір бірлікке балама ретінде аударылатын тілдегі қандай да бір бірлік кездейсоқ алына салмайды. Бұл екі бірліктің де мағынасы салыстырмалы түрде тұрақты болып келеді және олардың бір-бірінің орнына балама ретінде қолданылуы бұл бірліктердің мағыналарында ортақтық болатындығын білдіреді. Мұндай мағыналық ортақтық олардың біреуін екіншісінің аудармасы ретінде жүйелі түрде қолданудың алғышарты болып табылады. Түпнұсқа тілдегі белгілі бір бірлікті аудару үшін аударылатын тілде қолданылатын бірлік аударма сәйкестігі деп аталады [1, 98]. Аударма сәйкестігі тіл білімінде салғастырмалы талдау арқылы анықталатын күрделі ұғымдардың қатарына жатады.

Аудармада сәйкестік болғанымен, екі тілдегі бірліктердің коммуникативтік құндылығы теңдей болмауы мүмкін, өйткені бұл бірліктердің мағынасының жақындығы аударма сәйкестігінің алғышарты ғана. Баламалық қатынас жекелеген тілдік бірліктерді аударғанда емес, сөйленімді құрайтын бірліктердің арасында орын алады [2, 65]. Сондықтан олардың коммуникативтік құндылығының теңдік қабілеті тілдік жүйедегі мағынасымен ғана емес, олардың сөйлеуде жұмсалу ерекшеліктеріне байланысты анықталады.

Профессор А. Алдашева: «Сәйкестік – түпнұсқа мәтіннің тілдік бірліктеріне аударылатын тілден таңдалынатын вариант; варианттардың бірі», дей келе, сәйкестіктің табиғатын былайша түсіндіреді: «Ол толық сәйкестік болуы мүмкін, бұл, әдетте, түпнұсқадағы сөзге, сөз тіркесіне екінші тілдің арнаулы сөздіктерінде берілген бастапқы мағынадағы сөз дегенді білдіреді. Екі тілдегі тілдік бірліктер мағынасы, функционалды қолданысы жағынан толық дәрежеде тұспа-тұс келеді. Бұндай тілдік бірліктер контекске тәуелді болмайды, жеке, контекстен тыс тұрғанда да мағыналары тұспа-тұс келеді. Мәселен, орыс тіліндегі понедельник; қазақ тіліндегі дүйсенбі, ағылшын тіліндегі Monday – толық, абсолютті сәйкестік, эквиваленттер болып саналады» [3, 29].

Аударма сәйкестігі тіл білімінде екі түрге бөлінеді: 1) жекелік (единичное) немесе толық, абсолютті, тұрақты сәйкестік; 2) көптік (множественное) немесе ішінара, нұсқалық сәйкестік.

Жекелік сәйкестік түпнұсқа бірлігін аударудағы айтарлықтай тұрақты тәсіл болып табылады. Жекелік сәйкестікке терминдер, жалқы есімдер, географиялық атаулар, сондай-ақ кейбір тұрмыстық сөздер мен сөз тіркестері жатады. Мысалы, правительство – үкімет, Москва – Мәскеу, книга – кітап, документ – құжат және т.б. Жекелік сәйкестік барлық жанрдағы аударма мәтіндеріне тән деуге болады.

Көптік сәйкестік түпнұсқа бірлігін аударуда мәнмәтін мазмұнына байланысты орын алады. Мұндай жағдайда нұсқалық сәйкестіктің әрқайсысы бастапқы бірліктің мағынасын жартылай, ішінара береді. Бұл турасында ғалым А. Алдашева: «Екі тілдің лексикалық единицаларын салыстыру кезінде түпнұсқадағы сөздің лексикалық мағынасына аударылатын тілдегі сөздің бірнеше семантикасы сәйкес келген жағдайда ішінара сәйкестік пайда болады.  Қазақ тіліндегі жүрдек деген сөздің орыс тілінде бірнеше мағынасы бар: быстроходный, скорый, резвый. Тәржіма ісінде түпнұсқадағы  тілдік бірліктің қандай сөзбен тіркесімге түсіп тұрғандығын ескере отырып,  осылардың бірін таңдау – контекстуалды сәйкестікті, функционалды сәйкестікті іріктеп алу деген сөз», деп тұжырымдайды [3, 30]. Көптік сәйкестік көркем, публицистикалық шығармалардың аудармаларында көп кездескенімен, ісқағаздары, ғылыми-техникалық аудармаларға негізінен тән емес. Дегенмен, ісқағаздары аудармаларында кейбір сөздердің нұсқалары кездесетіндігін айта кетуіміз керек. Мысалы, «назначение сөзі мәні, пәні, қолданысы деген нұсқаларда аударылып жүр. Расында, назначение сөзі мақсаты болып аударуға жақындайды. Ал мақсаты цель ұғымына жақындайды, сондықтан бұл қолданыс мақсаты дегеннің ұғымын білдіретіндіктен, қолданысы деп алған орынды. Ал мәні немесе пәні деп алынған тұстар шартты алынған тілдік тұлғалар болып саналады», [4, 125] дейді Е. Әбдірәсілов. Дегенмен, қолданыс сөзінің де употребление деген баламасы болғандықтан, қазіргі кезде назначение сөзі арналымы деп аударылып жүргендігін айта кетуге тиіспіз.

Сәйкестіктерді жоғарыдағыдай түрлерге бөлу, ең алдымен, лексикалық және фразеологиялық сәйкестіктерге қатысты. Ал грамматикалық бірліктердің сәйкестігінің сипаты басқаша болады. Грамматикалық мағыналар жалпылама сипатқа ие екендігі белгілі және олардағы ақпарат нақтыланып, тиісті грамматикалық тұлғаларды иеленетін лексикалық бірліктердің мағынасымен тығыз байланысты болады. Аудармада грамматикалық тұлғаларды таңдау түпнұсқаның грамматикалық бірліктерін таңдаумен ғана анықталмайды, жалпы сөйленімдегі берілетін ақпараттың ұйымдасуына байланысты болады [5].

Аударма сәйкестігін сипаттауда, әдетте, екі тілдегі бір деңгейдің (лексикалық, фразеологиялық, грамматикалық) бірліктері сәйкес келеді. Алайда сөйленімдер тілдің әртүрлі деңгейлерінің негізінде құрылатындықтан, аударма процесінде де түпнұсқаның белгілі бір бірлігі аудармада қандай құралдармен берілетіндігін алдын ала анықтау қиын. Сондықтан деңгейаралық аударма сәйкестігі болатын жағдайлар кездесуі мүмкін. Мысалы, ... орыс тіліндегі предлогі бар зат есімдер қазақ тіліне сын есім түрінде беріледі: девушка из города – қалалық қыз; человек с характером – мінезді адам т.с.с. Орыс тілінен қазақ тіліне аударғанда сөйлем мүшелері «ауыстырылуы» мүмкін: Книга прочитана мною – Мен кітапты оқып шықтым (толықтауыш бастауышқа ауыстырылған); В комнате стояла жара – Бөлме қапырық болып тұр еді (пысықтауыш бастауыш түрінде аударылған) [6, 12].

Сәйкестікті түпнұсқадағы бірліктің орнына аударма тілдегі бір бірлікпен механикалық түрде орын ауыстыру ретінде түсінуге болмайды. Сәйкестік ұғымы аудармада қандай да бір бірліктің сәйкестігін таңдауды немесе белгілі сәйкестікті пайдаланудан бас тартып, аударманың басқа да тәсілдерін іздестіруді айқындайтын лингвистикалық және жағдаяттық мәнмәтін ұғымымен тығыз байланысты. Лингвистикалық мәнмәтін қандай да бір бірлік мәтінде қолданылатын тілдік «қоршау» болып табылады. Ал оның ішіндегі сөз мәнмәтіні дегеніміз – осы сөз қолданылған сөздердің, грамматикалық тұлғалар мен құрылымдардың жиынтығы.

Мәнмәтін ғылымда тар мәнмәтін (микромәнмәтін) және кең мәнмәтін (макромәнмәтін) болып бөлінеді. Тар мәнмәтін – осы бірліктің сөйлем шегіндегі қоршауын құрайтын сөз тіркестері немесе сөйлем болса, кең мәнмәтін дегеніміз – осы бірліктің сөйлем аясынан шығып кететін тілдік қоршауы: бұл – мәтіндік мәнмәтін, яғни шектес сөйлемдердегі тілдік бірліктердің жиынтығы. Кең мәнмәтіннің шекарасын белгілеу мүмкін емес, бұл сөйлемдер тобы, азатжол, тарау немесе тіпті бүкіл шығарма (мысалы, әңгіме немесе роман) болуы мүмкін. Тар мәнмәтінді синтаксистік және лексикалық мәнмәтінге бөлуге болады. Синтаксистік мәнмәтін – қандай да бір сөз, сөз тіркесі немесе бағыныңқы сөйлем қолданылатын синтаксистік құрылым болса, лексикалық мәнмәтін осы бірлік қоршауында қолданылатын лексикалық бірліктердің, сөздер мен тұрақты сөз тіркестерінің жиынтығы болып табылады.

Жағдаяттық (экстралингвистикалық) мәнмәтін сөйлемде айтылатын жағдай, уақыт және мекен, сондай-ақ сөйлеушіге (аудармашыға) сөйленімдегі тілдік бірліктер жайлы білімін дұрыс жеткізуге көмектесетін ақиқат болмыстағы кез келген факті [1, 105]. Біздіңше, аудармашы бір тілден екінші тілге аудару барысында екі тілдегі бірліктердің де аталған мәнмәтін түрлерінде жұмсалу ерекшелігін басты назарда ұстауы керек.

Аудармашының шеберлігі түпнұсқа бірлігіне бірнеше сәйкестікті іздеп тауып, оның ішінен мәнмәтінге сәйкес келетін нұсқасын таңдауынан байқалатындығы белгілі. Алайда түпнұсқа тілдегі бірліктің бір немесе бірнеше аударма сәйкестігінің болуы осындай сәйкестіктің кез келген аудармада міндетті түрде болатындығын білдірмейді. Кейбір жағдайларда тілдік бірліктің мәнмәтінде қолданылу шарты аудармашыны жүйелі түрдегі сәйкестікті пайдаланудан бас тартуға және түпнұсқа тілдегі бірліктің осы мәтіндегі мағынасын барынша дәл беретін нұсқасын табуға мәжбүрлейді. Түпнұсқа тілдегі бірлікті осы мәтінге ғана жарамды, жүйелі емес, ерекше аудару тәсілі окказионалды сәйкестік немесе мәнмәтіндік ауысым деп аталады [1, 107]. Бұл сәйкестік түріне көркем әдеби, пулицистикалық шығармалар аудармаларынан көптеп мысалдар келтіруге болса да, ісқағаздарында көп кездеспейтіндіктен, оларға тоқталуды жөн санамадық. Осы ретте аудармашы кейбір жағдайларда сөздің оккозионалды стилистикалық құрылымын ғана емес, осы сөзге автор берген образды да өзгертуге мәжбүр болатынын [7, 41] да айта кетуіміз керек.

Аударылатын тілде жүйелі сәйкестігі болмайтын түпнұсқа тілдегі бірліктер баламасыз деп аталады. Баламасыз лексика неологизмдер арасында, ерекше ұғымдарды және ұлттық реалийлерді атайтын сөздер арасында, танымал емес есімдер мен атаулар арасында кездеседі. Проф. А. Алдашеваның пікірін келтірсек: «Сәйкестіктердің болмауы деген терминнің аясына екі тілдегі баламасыз лексика (мысалы, Африка елдерінің тілдерінде қар – снег деген сөз жоқ), ұлттық реалий атаулары (мысалы, шаңырақ, сәукеле), кісі  есімдері енгізіледі» [3, 30]. Мұндай баламасыз лексемалармен қатар жекелеген морфологиялық тұлғалар, синтаксистік құрылымдар да баламасыз болуы мүмкін. Баламасыз бірліктер екі тілдің (түпнұсқа және аударма) біреуіне ғана қатысты болып, түпнұсқа тілдегі аударма тілге қатысты баламасыз бірліктердің басқа тілдерде жүйелі сәйкестігі болуы мүмкін.

Аударма процесінде аудармашы аталған сәйкестіктер түрін қолдануда немесе баламасыз бірліктерді аударуда және т.б. да көптеген жағдайларда қателіктер жіберіп жататындығы шындық. Осы мәселені зерттеу нысаны еткен В.Н. Комиссаров бастапқы мәтіндегі мағынаны берудегі аудармадағы қателіктердің сипатын төмендегіше жинақтап көрсетеді:

1) түпнұсқа тілді жеткілікті түрде меңгермеу;

2) когнитивті тәжірибесінің, яғни бастапқы мәтінде сипатталатын ақиқат шындық болмыс туралы білімінің жеткіліксіздігі;

3) бастапқы мәтіндегі мағынаға баса назар аудармау немесе автордың ойын түсінбеу;

4) бастапқы шығарма авторының жеке стилінің ерекшеліктерін ажырата білмеу [8, 94].

Бұл жіктемені негізге ала отырып, аудармадағы қателіктердің сипатына тереңдей үңілсек, мұндай қателіктердің әртүрлі жағдайларға байланысты болатындығына және оның жалпы аударма сапасына әсер ететіндігіне көз жеткіземіз. Мысалы, түпнұсқа мәтіндегі мағынаны түсінбеуге байланысты қателіктер мәтіннің прагматикалық, семантикалық мағынасына және синтаксистік құрылымына әсер етуі мүмкін. Түпнұсқа сөйленімнің прагматикалық аспектісін дұрыс түсіндірмеу аудармашы «жанама сөйлеу актілерімен», яғни сыртқы тұлғасы автордың оқушының қандай да бір реакциясын тудыру мақсатындағы шынайы ниетін «жасырын көрсететін» сөйленімдерді кездестірген жағдайда туындайды. Ісқағаздары және ғылыми-техникалық аудармаларда әртүрлі клишелердің, оралымдардың бірізді үлгілері қалыптасқандықтан, бұл жағдай негізінен көркем, публицистикалық аудармаларға қатысты болады.

Аударма қателіктері аудармашы түпнұсқа мәтінде көпмағыналы сөзді, яғни бірнеше мағыналы таңбаны кездестіргенде туындауы мүмкін. Тіл білімінде бұл «таңба – ұғым» деңгейін түсінудегі қателік деп аталады. Ісқағаздары аудармаларында бұл қателік түрі әртүрлі салаларға байланысты кейбір терминдерге қатысты ғана болатындығы анықталды. Мысалы, резолюция – бұрыштама, қарар; резюме – түйін, түйіндеме, тұжырым, тұжырымдама; виза, рұқсатнама және т.б.

Аудармадағы қателіктердің ең көп тараған түрінің бірі – семантикалық бұрмалау. Ол қарапайым және күрделі ұғымдарға да, тұтас сөйленімнің мазмұнына да қатысты болуы мүмкін. Мұндай бұрмалау сигнификативті деңгейде ғана емес, аудармашы заттар тобын қандай да бір ұғымдармен сәйкестендіруді дұрыс түсінбеген жағдайда денотативті деңгейде де болуы мүмкін.

Аудармадағы қателіктің тағы бір түрі – синтаксистік бұрмалау сөйленім элементтері арасындағы логикалық байланыстың сипатын, оның коммуникативтік мақсатын түсінбеуге қатысты орын алады. Олар сондай-ақ аудармашы сөйленімнің жекелеген элементтерінің құрылымдық және семантикалық өзара байланысын түсіне алмағанда туындауы мүмкін. Аудармадағы қателіктің бұл түрлері (семантикалық, синтаксистік бұрмалау) де көркем және публицистикалық аудармаларға тән, ал, аудармашылардың шалағайлығынан кеткен «техникалық» қателіктерді есептемегенде, ісқағаздары мен ғылыми-техникалық аудармада кездеспейді десе де болады.

Аудармадағы қателіктің тағы бір түрі түпнұсқа авторының санасында қалыптасқан танымдық білімді берудегі аудармашының когнитивтік тәжірибесінің жеткіліксіздігі болып табылады. Сондықтан аударма теориясында қазіргі лингвистикада тілді адамның танымымен ұштастыра қарастыратын когнитивтік бағыттың зерттеу әдіс-тәсілдері мен нәтижелері тиімді пайдаланылуда.

Аудару барысында түпнұсқа мәтінді қабылдаушы аудармашы мәтінді құрайтын жекелеген тілдік тұлғалардың мағынасын аша отырып, сипатталған жағдаяттың мәнін түсіну үшін өзінің бүкіл когнитивтік тәжірибесін салады. Басқаша айтқанда, ол өзінің осындай жағдаяттар туралы түсінігін түпнұсқа мәтіннің мазмұнынан шығатын түсінікпен салыстырады. Егер аудармашының когнитивті тәжірибесі түпнұсқа авторының когнитивті тәжірибесімен тең немесе одан артық болса, аударма сапалы шығады. Ал егер аудармашының когнитивті тәжірибесі түпнұсқа авторының когнитивті тәжірибесінен кем болса, аударма барысында үш түрлі қателік кетеді. Бірінші, өте кең таралған – «аударма лакуналары» деп аталатын «бостық» (пропуски) пайда болады. Ол аударма трансформациясының бір түрі болып табылатын түсіру тәсіліне ұқсас. Бірақ түсірудің, әдетте, таза лингвистикалық негіздемесі болады және ол бір ғана ұғымды білдіруге арналған құралдарды таңдаудағы тіларалық асиссеммертияға байланысты. Ал «бостықтың» (пропуски) табиғаты басқаша және негізінен аудармашы білімінің жеткіліксіздігінен туындайды [2]. Аудармашының когнитивтік тәжірибесінің жеткіліксіздігінен туындайтын мұндай қателіктерді негізінен көркем және публицистикалық шығармалар арқылы көрсетуге болғанымен, олар негізгі белгілердің бірі ресмилік, нақтылық болып келетін ісқағаздары және ғылыми-техникалық аудармаларда ұшыраспайды.

Аудармадағы қателіктерді талдау аударма процесінен тыс, бірақ түпнұсқа мәтінді аудармамен салыстыру арқылы оның нәтижесін бағалауға қабілетті қандай да бір сыртқы «сыншы» тұрғысынан қарауға алып келеді. Осы сыртқы «бақылаушы» аударма операциясының нәтижесін не трансформация ретінде, яғни «дұрыс», не деформация, яғни «қате» аударма ретінде бағалауы мүмкін. Айырмашылық олардың негізділігінде ғана. Аудармашының түпнұсқа мәтінді аударма мәтінге айналдыратын қандай да бір әрекетінің негізділігі аудармашылық іс-әрекеттің дұрыстығына сын айтуға, аударма жұмысының сапасын бағалауға мүмкіндік беретін басты критерий болып табылады [9]. Басқаша айтқанда, бастапқы мәтіннің аудармаға айналуы сыншы үшін оның «кодталған ойы» аудармашы ойымен сәйкес келгенде трансформация болады. Керісінше, егер аудармашының мәтінді түсіндіруі (ойы) мен сыншының түпнұсқа мәтін мен аударма мәтінді салыстырудан туғындаған түсінігі (ойы) сәйкес келмесе, онда сыншы аударманы мәтінді деформациялау деп түсінеді. Сонымен, аударма сынында түпнұсқаның теріс бағаланатын кез келген бұрмалануы деформация деп аталуы мүмкін. Алайда аудармашының «кемшіліктері» барлық уақыт саналы түрдегі деформациялаушы әрекет ретінде бағаланбауы керек. Өйткені мұндай әрекет көбінесе cтилистикалық қателіктерге қатысты болады және «аударма қателіктері» аталатын ұғымның шегінде қарастырылуға тиіс.

Аталған қателік түрлеріне жол бермес үшін аударма теориясында қалыптасқан аудармаға, аудармашыға қойылатын талаптар ғалымдар еңбектерінде түрліше көрінеді және ғылым дамыған сайын толықтырылып, жетілдіріліп отырады. Осы орайда біз Р.Н. Тұмбаеваның іскери хатты аудару барысындағы талаптар мен аударма сапалы шығуына қатысты ұсыныстарын келтіре кетуді жөн көрдік:

«Біріншіден, түпнұсқадағы тілдің жасалу жолдары мен әдістерін білу керек. Аудару барысында қолданылған әдістер қиылыспай жатқанда, лингвоэтникалық түзетулер енгізуге тура келеді. Бұған бір мысал ретінде орыс тіліндегі «Министерство юстиции» деген атау қазақ тілінде «Әділет министрлігі» деп беріліп жүр, ал егер оны сөзбе-сөз аударса, студенттің қателескені болып саналады. Жалпы кез келген тілде іскери хат әдеби нормаға сәйкес аударылады. Бұл жерде эмоционалды сөздерді қолданудан аулақ болу қажет, ол тек қана белгілі бір дәстүр шеңберінде қолданылады.

Екіншіден, аудармашы мәтін жөнінде жалпы түсінік ала отырып, оптималды жолмен жүруі керек, ол дегеніміз мәтіннің байланысу формулаларын, кеңселік клишелерін, қалыптасқан сез тіркестерінің стилін т.б. қолдану ерекшеліктерін жете білумен түсіндіріледі. Сөзбе-сөз аудармай, бірыңғай эквиваленттер бірлігінің көмегімен, айқындалған жолмен қажетті әдіс арқылы бару керек: байланысу формуласын дәстүр мен әсерге бағыт жасай отырып, трансформация көмегі арқылы; концелярлық стильді – әр түрлі варианттардың көмегімен; терминдерді – бірыңғай эквиваленттердің сәйкестілігімен беру керек.

Үшіншіден, аударманы бітірген соң аудармашы мәтінді қайта тексеріп, аударманың стильдік бірлігін түпнұсқамен салыстыруы және редакциялауы керек. Бұл үшін де редакциялау техникасынан хабардар болу керек. Аударманы редакциялау арқылы аудармашы жіберілген қателеріне анализ жасап, сол арқылы аударма әдістерін меңгереді, өзі үшін қорытынды жасай алады» [10, 403-404]. Сілтемені ұзақ келтіріп отырғанымыздың себебі – бұл талаптар тек іскери хатты ғана емес, жалпы ісқағаздарын аударуға қойылатындығында.

Жоғарыда айтылғандардан ісқағаздары аудармасында сәйкестіктердің барлық түрі ескерілуге, аударма барысында қателіктер жібермеу үшін немесе мұндай қателіктерді жөндеу үшін жалпы аудармаға, оның ішінде ісқағаздары аудармасына қойылатын талаптар қатаң сақталуға тиіс деген тұжырымға келеміз.

 

Пікір 0

Пікір қалдырыңыз

Сайт бойынша іздеу

Мақалалар

Үздік мақалалар

Орыс, ағылшын және қазақ тілдері материалдары негізіндегі реферативті және аннотациялық аударма туралы 06 Желтоқсан - 0 пікір

Аудармашы-маманға шет тілінде жазылған...

Толығырақ..
ҮКІМЕТ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕДІ 03 Наурыз - 0 пікір Толығырақ..
Қазақ тіліндегі ресми-іс қағаздар тілінің дамуына экстралингвистикалық факторлардың ықпалы 23 Маусым - 2 пікір

    Мемлекеттің кескін-келбетін сомдап, қоғамдық болмысын көрсететін тіл...

Толығырақ..