Ісқағаз терминдерін жасаудағы тарихи сабақтастық

Қазіргі қазақ тіліндегі ресми ісқағаздарының атаулары мен ісқағаз жүргізу терминдерінің жасалу жолы, қалыптасу тарихы бар. Зерттеушілер XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың I жартысындағы ресми қағаздардың тілінде шағатай, татар, араб, парсы элементтері басым болғанын айтады. Академик Р.Сыздық «XIX ғасырдың ІІ жартысында қазақша ресми іс-қағаздардың өз алдына стилі болды, ол бұрынғы ресми құжаттар мен ресми хат-хабарлар тілінің жалғасы ретінде танылды. Бірақ едәуір өзгерісі  бар», [1] – деп жазады. Басқа да әр түрлі арнаулы салалар сияқты ресми ісқағаздарының атаулары мен ісқағаз жүргізу терминдерінің  де қалай жасалып, өзінің қалыптасу тарихында қандай кезеңдерден өткенін арнайы сөз етудің мәні зор. Қоғамдық өмірдің  қай саласында қызмет етіп, қандай кәсіп иесі болғанына қарамастан кез келген адам ісқағаздарын жазуға, толтыруына тура келеді. Бұл саланың осындай бұқаралық сипаты да оған ерекше назар аудару қажеттігін тудырады. Ісқағаз жүргізу мәселесін біз кешенді тұрғыда қарастыруды мақсат етпейміз. Ондай зерттеулер осы саланы арнайы зерттеген Н.Ерғазиева, Л.Дүйсембекова сынды тіл мамандары тарапынан жүргізіліп кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Осы мамандар тарапынан монографиялар мен оқу құралдары да жарық көрді. Сондықтан біз бұл мәселеге кеңінен тоқталмай, тек терминжасам, ісқағаз жүргізу саласы терминологиясының қалыптасуындағы тарихи сабақтастық тұрғысынан ғана назар аудармақпыз.

     Жүйеленген салалық терминологияны қалыптастыруда сол саланың терминдерін белгілі бір сөз тудырушы морфемаларды немесе терминдік элементтерді пайдалана отырып жасау тәжірибесі бар. Мұны көптеген тілдердің терминжүйесінен көруге болады. Бізде де соңғы жылдары кейбір арнаулы сала терминдерін бір үлгімен жасау мақсатымен белгілі бір жұрнақтарды жалғау арқылы терминдер жасап жүрген мамандар кездеседі. Бұл жағынан келгенде әртүрлі арнаулы салаларда біршама өнімді жұмсалып жүрген жұрнақтардың бар екені аңғарылады. Мәселен, кейінгі жиырма жыл көлемінде лингвистика саласында -ым/-ім моделімен жасалған айтылым, тыңдалым, жасалым, жуысым, жұмсалым, жіктелім, қатысым, оқылым, талданым, түйісім, түрленім, үйлесім, үндесім сынды көптеген атаулар жасалып қолданысқа енді. Осы секілді ісқағаздарын жүргізу саласы да өзіндік терминжасам үлгісімен ерекшелене алады. Ал енді ісқағаздарын жүргізу саласы туралы айтқанда негізінен айқын орныға бастаған екі терминүлгіні (терминомодель) атап көрсеткен орынды. Олардың біріншісі –  -ма/-ме, -ба/-бе, [-па/-пе] жұрнақтары арқылы жасалған терминдер. Олардың қатарына мынадай атаулар кіреді: анықтама (справка), бағдарлама (программа), баяндама (доклад), баянжазба (докладная записка), бұрыштама (резолюция), жолдама (направление), көшірме (копия), мәлімдеме (рапорт), мінездеме (характеристика), түйіндеме (резюме), түсініктеме (объяснительная), тізбе (опись), тізімдеме (ведомость), хабарлама (извещение), қызметтік жазба (служебная записка), хаттама (протокол) және т.б.

        Екінші үлгі  –  «хат» сөзімен біріктіріп немесе тіркестіріп термин жасау. Бұл үлгімен жасалған атаулар қатарына төмендегідей атаулар кіреді: ақпараттық хат (информационное письмо), алғысхат (благодарственное письмо), ашықхат (открытое письмо), баянхат (докладная записка), жеделхат (телеграмма), қолхат (расписка), кепілхат (гарантиное письмо), қолдаухат (ходатайство), құттықтау хат (поздравительное письмо), қызметтік хат (служебная письмо), нұсқаухат (инструктивное письмо), ресмихат (деловое письмо), сенімхат (доверенность), сұранысхат (запрос), телефонхат (телефонограмма), түсіндірмехат (объяснительная записка), ұсынысхат (рекомендательное письмо), хабарламахат (письмо-сообщение), шақырухат (пригласительное письмо), ықтиярхат (вид на жительство), ілеспехат (сопроводительное письмо) және т.б.

      Осы іспеттес терминдердің көпшілігі кейінгі 20-25 жыл көлемінде жасалды деген пікір жиі айтылады. Мұқият зерделеп қарайтын болсақ, олардың жасалу, қолданысқа ену тарихы одан едәуір әріде болған. Мәселен, бұйрық, жарлық сияқты ісқағаз атауларының XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың I жартысындағы ресми қағаздардың тілінде, хан жарлықтарында кездесетінін осы кезеңді зерттеген ғалымдар еңбектерінде айтылады. Оған дауымыз жоқ. Ал қазіргі қолданыстағы ісқағаз терминдерінің көпшілігі XX ғасырдың басында жасалған. Оларды жасап, қолданысқа енгізген сол кезеңде халық ағарту, білім беру ісімен айналысқан, оқулықтар жазып, сөздіктер түзген алаш оқымыстылары. Сөзімізге олардың жазған еңбектері, соңында қалдырған мұралары дәлел бола алады.  Жалпы бұл кезеңдегі қазақ тіл білімінің, терминологияның дамуы, сол кездің тілімен айтқанда «пән сөздердің» жасалуы жөнінде сөз қозғағанда ұлт ұстазы, ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының есімін алдымен атаймыз. Солай болуы орынды да. Өйткені аса көрнекті ғалым  бұл істің басында тұр. Ол өзі бас болып ұлт тілінде терминдер жасаудың үлгісін көрсетті. Термин комиссиясының тұңғыш төрағасы болып, термин шығармашылығының беталысын белгілеп, терминологиялық жұмыстарды үйлестіруге басшылық етті. Сондай-ақ осы кезеңде Ахаң мен Елдес Омарұлы және басқа да алаш қайраткерлерінің қатысуымен алғаш рет қазақ терминологиясының даму бағыты, ғылыми қағидаттары белгіленді. Олар өздері белгілеген бағытты бет алып, өздері бекіткен қағидаттарды ұстана отырып жүздеген сала терминдерін жасады. ХХ ғасыр басында еңбек еткен алаш оқымыстылары алғашқы пән оқулықтарын жаза отырып мектеп терминологиясының және көптеген арнаулы салалардың негізгі тірек терминдерін жасап, ұлттық терминжүйенің негізін қалап кетті. Біздіңше, солардың қатарына ісқағаз жүргізу саласының терминдер жүйесін де қосуға толық негіз бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін 1927 жылы сол кездегі Қазақстанның астанасы болған Қызылорда қаласында жарық көрген «Пән сөздері» [2] деп аталатын қазақ тіліндегі алғашқы терминологиялық сөздіктердің біріне жүгінелік. «Пән сөздерінде» төмендегідей ісқағаз терминдері қамтылған: арыз (заявление),  әкті (акт), баяндама (доклад), қаттама (ведомость), көшірме (выписка), жарлық (декларция), айрықша жүргізілетін істер (дела особого производства), іс жүргізушілік (делопроизводство), іс жүргізуші (делопроизводитель), өкілдік (доверенность), өкілдік беруші (сенуші, өкілдік беруші), ыспаттама (документ), шартты уәде (договор), өсиет (завещание), өсиетші (завещатель), заң (закон), қаулы (постановление),  кепіл (залог), кепіл әктісі (залоговый акт), қат (запись), мәжіліс (заседание), шағым, арыз (жалоба), кенеге (журнал), кіріс кенегесі (журнал входящий), шығыс кенегесі (журнал выходящий, исходящий), билік хат (исполнительный лист), жарнама (объявление), баян қат (объяснительная записка), тізім (опись), ресми (официальный), жазба жарлық (письменный приказ), шақыру қат (повестка), жарлық, әмір (приказ), пұратакол (протокол), мәжіліс қат (протокол заседания), қарар (резолюция), қаттау (регистрация), іспірәбкі (справка), білдіргіш (справочник), сақтық қат (страховой полис), пән сөзі, атау (термин), қалауқат (третейская запись), айрықша арыз (частная жалоба) және т.б.

    Бұл сөздікке енген терминдерді Қазақстан оқу комиссариатының Білім ордасы бекіткен. Бұған дейін жарық көрген мұндай сөздік 1926 жылы баспа бетін көрген «Әскерлік атауларынан» кейін жарыққа шыққан бекітілген терминдердің ең алғашқы сөздіктерінің бірі. Ахмет Байтұрсынұлы өзі төрағалық еткен термин комиссиясының ресми мақұлдауымен жарық көрген бұл шағын сөздік қазақ терминтану ғылымы мен терминографиясы үшін тарихи мәні ерекше еңбек.

     Енді осы аталған сөздікте қамтылған атауларға назар аударып көрелік. Мысалы, сөздікте берілген арыз, заң, қаулы, әкті, баяндама, көшірме, кепіл, мәжіліс, іс жүргізуші, іс жүргізушілік, өсиет, қарар, шағым сынды қазіргі ісқағаз терминологиясында да еш өзгеріссіз (бірер термин сәл ғана формалық өзгеріспен қолданылады) қолданылып келеді. «Мәжіліс қат» термині де күні кешеге дейін «хаттамамен» қатар жұмсалып жүрді. «Жарлық» термині бүгін (декларация, приказ емес), «указ» орнына, ал «жарнама» (объявление емес) «реклама» атауының баламасы, «қаттама»  (ведомость емес) қазір «протокол» терминінің, «тізім» (опись емес) «списоктің», шақырухат (повестка емес) «пригласительное письмоның» баламасы ретінде  қолданылады. Яғни олар қолданыстан мүлде шығып қалған жоқ, ісқағаздарын жүргізу саласындағы жүйе құраушы іргелес ұғымдарының атаулары ретінде пайдаланылды. Мағыналары нақтылана түсті. ХХ ғасыр басында жасалған білдіргіш, ыспаттама, қаттау тәрізді жекелеген терминдер анықтама, құжат, тіркеу сынды терминдер алмастырылды. Бұл да термин шығармашылығына тән табиғи үдеріс.

      Зерттеуші Ләззат Дүйсембекова «Хаттаманың қолға берілетін белгілі бөлігін (выписка из протокола) осыған дейін хаттамадан көшірме деп келдік. Енді осындағы көшірме сөзі копия сөзінің аудармасы және оның мағынасын дәл беретіндіктен және копия мен выписканы бір-бірімен  шатастырмас үшін хаттамадан көшірме емес, хаттамадан үзінді деген қолданыс дұрыс» [4, 297] дейді. Ұғымдардың аражігін ашу тұрғысынан бұл ұсынысты орынсыз дей алмаймыз. Алайда қазіргідей көшіру аппараттары болмай тұрған кезеңде алаш зиялыларының «выписканы»  «көшірме» деп алуы өте орынды. Ұзақ жылғы қолданылғандықтан  бұл терминді «үзіндімен» алмастыру да оңайға соқпайды. Терминнің узуалдануы, нормаға айнала бастауы сияқты факторларды да есепке алғанымыз жөн секілді. Одан гөрі «көшірмені» жайына қалдырып, «үзінді» орнына басқа балама тапсақ, оның тілде орнығуы әлдеқайда жеңіл болады деп ойлаймыз. «Қарыз, шағым, өтініш атауларының ара жігі ашылмай қолданылып жүр» [4, 299] деген пікір де орынды. Бұл тұрғыдан қарағанда да алаш зиялылары «жалоба» сөзін «арыз», «шағым» деп өте орнымен жұмсаған.

       1931 жылы Қызылордада «Қазағыстан» баспасынан жарық көрген «Атаулар сөздігінде» [3]  көшірме (выписка), жүргізушілік (делопроизводство), іс жүргізуші (делопроизводитель), шарт, келісім уәде (договор), ыспаттама (документ), қаулы (постановление), көшірме (выписка), жарнама (объявление), баян қат (объяснительная записка), пұратакол (протокол), мәжіліс қат (протокол заседания), қарар (резолюция), қаттау (регистрация) сияқты ісқағаз терминдері алдыңғы «Пән сөздерінен» еш айырмасыз берілді. «Пән сөздеріне» енген терминдер алаш оқығандарының 1920-1925 жылдар арасында жасап, өздері жаппай қолданған атаулар еді. Олардың авторлары мен ұлттық сипаттағы термин жасау бағытын ұстанушылар қуғындалып, кеңес үкіметінің жаулары саналып жүрген 30-жылдарда олардың жасаған еңбектерінің өзгеріссіз жалғасын тауып жатуы жаңа бағытты ұстанушыларға ұнай қойған жоқ. Сол себепті бұл сөздік сол жылдары Е.Кротевич, М.Қайыпназарұлы сынды кеңестік терминжасам үрдісіне бет бұрған авторлар тарпынан қатты сын айтылды. Халық ағарту комиссариаты Білім кеңесінің термин комиссиясы бекіткен терминдердің бұлайша алаш зиялылары шығарған алдыңғы сөздіктегіден еш өзгеріссіз қайта басылуы басты себебі білім беру, халық ағарту саласында алаш қайраткерлерінің ықпалы әлі күшті екенін көрсетеді. Олардың ықпалы тек өздері қуғын-сүргін құрбаны болған сол отызыншы жылдардың ортасында (1935-37 жылдары) ғана толық жойылды. Осы сөз болып отырған тілдік-тарихи деректер алаш қайраткерлерінің өз ұстанымдарынан  өмірлерінің соңына дейін бас тартпағанын көрсетеді. Екіншіден, Кеңес одағы әлі ұлттық республикалардағы терминологияны қалыптастыру бағытын белгілеп бере қоймаған еді. Сондықтан да термин шығармашылығы мен терминологиялық сөздіктер түзудегі сабақтастық үзіле қоймаған еді. Кеңес Үкіметі күшейіп, толық үстемдігін орнатқаннан кейін тіл саясатын да қатайтып, ұлт тілдерінде термин жасау, терминқорды қалыптастыру бағытын да отызыншы жылдардың орта шеніне қарай белгілеп берді. Сол кезеңнен бастап ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында алаш оқығандары жасаған терминдердің көпшілігі ғылымның әр түрлі саласынан негізсіз аласталды. Қанша қаламаса да қолданыстан шығара алмаған да атаулар болды. Біз ел тәуелсіздігін жариялаған 90-жылдардан кейін ғана олардың мұрасымен танысып, кезінде сыңаржақ саясаттың салдарынан орынсыз шеттетілген көптеген терминдерді қайта қажетімізге жарата бастадық. Бүгінгі ісқағаздарын жүргізу саласындағы негізгі тірек терминдердің көбісі алаш зиялыларының қаламына туындаған атаулар. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары іс қағаздарын қазақша жүргізу қажет болғанда алаш мұрасына жүгіндік. Бүгінгі ісқағаз атаулары мен осы салада қолданылып жүрген терминдер жасалған жоғарыда атап көрсетілген негізгі  екі терминүлгі де алаш оқығандарынікі. Бүгінгі ең өнімді саналып отырған -ма/-ме үлгісі де «хат» сөзін қосып жасау 20-жылдардағы терминжасам тәжірибесінің нәтижесі. Қазіргі қолданыстағы анықтама, мәлімдеме, тізбе, тізімдеме сынды атауларды да, жеделхат, қолдаухат, ұсынысхат сияқты  терминдеріміздің алаш білімпаздары салып берген ізбен, солардың қаламына туындаған билік хат, баян қат, шақыру қат, мәжіліс қат, сақтық қат  қалауқат терминдерінің үлгісімен жасағанымызды ашық та анық айтуға міндеттіміз. Бұл біздің ресми ісқағаз жүргізу саласындағы  терминжасам тәжірибеміз бен терминқорымызды қалыптастырудағы мәжбүрлі түрде үзіліп барып қайта жалғасын тапқан дәстүр сабақтастығымыздың айқын дәлелі. 

Пікір 0

Пікір қалдырыңыз

Сайт бойынша іздеу

Мақалалар

Үздік мақалалар

ҮКІМЕТ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕДІ 03 Наурыз - 0 пікір Толығырақ..
Қазақ тіліндегі ресми-іс қағаздар тілінің дамуына экстралингвистикалық факторлардың ықпалы 23 Маусым - 2 пікір

    Мемлекеттің кескін-келбетін сомдап, қоғамдық болмысын көрсететін тіл...

Толығырақ..
Ісқағаздарының орыс тіл біліміндегі жіктемесі 06 Желтоқсан - 0 пікір

Ісқағаздарын...

Толығырақ..