Жаңа жаһандық кезеңдегі қазақ тілі

        Елордада  Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Елбасы Жолдауы: жаңа жаһандық кезеңдегі қазақ тілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.  Басқосу барысында Жолдаудың рухани өмірдегі мәні талқыланып, қазақ тілінің жаңа жаһандық кезеңдегі даму бағыты, латын әліпбиіне көшудің маңызы қарастырылды. 

        Зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысқан алқалы жиында Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Е.Тілешов елеулі құжаттың ел өмірін жақсарта түсуге бағытталған келелі тұстарын ортаға салды.
        –  «Рухани жаңғырудың басым бағыттарын айқындап берген Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы барша зиялы қауымға жаңа міндеттер жүктейді. Осы орайда өткізіліп отырған «Елбасы Жолдауы: жаңа жаһандық кезеңдегі қазақ тілі» атты дөңгелек үстелдің маңызы зор. Өйткені Елбасы Жолдауындағы қазақ тіліне байланысты, латын әліпбиіне көшуге қатысты парасат пайымды кемел ойларды негізге ала отырып, бүгінгі іс-шараны біздің орталықта орындалған 2017 жылғы баспа және басқа өнімдердің тұсаукесерімен байланыста өткізіп отырмыз, – деді Е.Тілешов.
        Бұл жұмыс Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды. Орталық директоры атқарылған бірқатар жұмыстар жөнінде де құлағдар етті. Мәселен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасы бойынша «Ахмет Байтұрсынұлы» атты энциклопедия, латын әліпбиі мен лексикасына байланысты еңбектер, ономастика, терминология, балалар әдебиеті, әдістеме, ана тілдерін оқыту бойынша жетпіске жуық маңызды еңбектер жарық көрген. Жаңа кезеңдегі қазақ тілін заман талабына сай бейімдеуде балаларға арналған 15 минуттық «Сөз қазынасы» анимациялық фильмі, «Енші» бағдарламасы дайындалды.
        ҚР Мәдениет және спорт ми­нистрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қ.Борашев Қазақстан дамуының басым бағыттарын айқын­дап берген Жолдауда жаңа жаһандық кезеңдегі қазақ тілінің дамуына баса назар аударылғанын атап өтті.
        Ол осы мақсатта ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен жарық көрген жетпіске жуық еңбектердің мемлекеттік тіліміздің жаңа сапалық деңгейде дамуының өзекті мәселелерімен сабақтасып жатқанына тоқталды.
        Келесі болып сөз алған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты С.Әбдірахманов мемлекеттік тіліміздің дамуы, өсіп-өркендеуі қазіргі заманның ақпараттық техно­логиялық талаптарына үйлесуімен байланысты екенін, бұл ретте Ербол Тілешов басшылық ететін Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ана тіліміздің қолданыс аясын уақыт сұранысына сай бейімдей отырып, ілгерлетуге зор үлес қосып келе жатқанын айтты. «Тіл әлемі» порталы, «Емле.кз», «Терминком.кз», «Атау.кз» секілді заманауи талаптағы сайттар іске қосылып, қазақ тілінің түрлі саладағы қолданыс әлеуетін еселеуге серпін беруде. Қазірде «Енші» зияткерлік сайысы, «Сөз қа­зынасы» атты анимациялық фильмдер қолға алынып, тың бағыттағы істер атқарылып отырғанын орынды бағалаймыз» деді Мәжіліс депутаты.
        Бұдан соң ҚР Парламент Сена­тының депутаты М.Бақтиярұлы өз ойын ортаға салды. Ол Елбасы Жолдауын елімізді жаңа жетістіктерге бастайтын қуатты реформаторлық бастамалаларының заңды жалғасы екендігін айта келе, сенаттың бірнеше депутаты Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының саралауына жіберілген әдістемелік құрал, оқу құралдары, сөздіктер, балаларға арналған танымдық еңбектерді сараптауға қатысып, ой-пікірлерін білдіру мүмкіндігіне ие болғандығын тілге тиек етті.
        «Білікті мамандардың қатысқан сараптау жұмыстары жауап­кер­шілікпен жүргізілді. Жарық көрген еңбектер Елбасының «Төр­­тінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында атап көр­сетілген руханият мәселелерімен ба­рынша тамырласып жатуы қолға алынып отырған істердің заман талабында екенін көрсетеді» деді ол. «Астана медицина университеті» АҚ ректоры М.Шайдаров Жолдаудағы көкейкесті мәселелердің барша зиялы қауымды толғандырып отырғанын, соның ішінде латын графикасына өту мемлекеттік маңызы бар кемел іс екендігіне тоқталды.
        Парламент Мәжілісінің депутаты Ф.Қаратаев: «Жаңа жаһандық кезеңдегі қазақ тілінің өсіп-өркендеуі қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымағына байланысты. Осы орайда мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюінде еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің жауапкершілігі зор» десе, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, сараптау комис­сия­сының төрағасы Ж.Жақыпов баспаға ұсынылатын кітаптар ережеге сай сараптаудан өткізіліп отыратынын жеткізді.
       «Сараптаудан өткен еңбектер тақырыбы, мазмұны, әдістемелік сипаты тұрғысынан алғанда құнды кітаптар. Сонымен бірге көркем аударма саласы бойынша басылған еңбектердің де құндылығын атап көрсетемін. Тұтастай алғанда жарық көрген кітаптар мемлекеттік тіліміздің мәртебесін биіктете түседі» деді Ж.Жақыпов.
        Парламент Мәжілісінің депутаты А.Смағұлов Елбасы Жолдауында айтылған «Егер қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет», «Аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек» деген міндеттерді, бұл мәселелердегі түйткілдерді ғылыми негізде шешу керектігін еске салды.
        Дөңгелек үстел барысында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Е.Қажыбек латын графикасына көшуде тіл заңдылығы басты орында тұруы керектігін, барша ғалымдар біріге отырып латын графикасына көшудің сапалық деңгейіне баса ­назар аударуын және қоғам тарапынан айтылып отырған ұсыныс-пікірлер де назардан тыс қалмауын ортаға салды. Ал ҚР ҰҒА академигі С.Қасқабасов қоғамның рухани жаңғыруында тілдің алатын орны ерекше екендігін баса айтты.
        «Қазақ тілінің қазіргі таңдағы дамуы өткен кезеңдермен салыстыр­ғанда көш ілгері. Десе де қазақ тілін жаңа жаһан­дық кезең талабына сай өркендетуде атқаратын істер аз емес. Соның ішінде қазақ тілінің ғылыми түсіндірме сөздігін қолға алғанымыз абзал» деді академик.

        Жиында саяси ғылымдар докторы, профессор Ә.Бәкір, «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакторының орынбасары Н.Мауытов және басқалар Елбасы Жолдауынан ­туындайтын мақсат-мүделелер жайлы пікірлерімен бөлісті.

Пікір 0

Пікір қалдырыңыз

Сайт бойынша іздеу

Мақалалар

Үздік мақалалар

Орыс, ағылшын және қазақ тілдері материалдары негізіндегі реферативті және аннотациялық аударма туралы 06 Желтоқсан - 0 пікір

Аудармашы-маманға шет тілінде жазылған...

Толығырақ..
ҮКІМЕТ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕДІ 03 Наурыз - 0 пікір Толығырақ..
Қазақ тіліндегі ресми-іс қағаздар тілінің дамуына экстралингвистикалық факторлардың ықпалы 23 Маусым - 2 пікір

    Мемлекеттің кескін-келбетін сомдап, қоғамдық болмысын көрсететін тіл...

Толығырақ..