Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан Президентіне «Төртінші өнеркəсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдау аясында қойылған міндеттердің іске асырылуы жөнінде мəлімделді. Елбасы инновациялар мен жаңа технологияларды енгізу жөніндегі жұмыстарды жалғастыру, сондай-ақ бұл үрдіске «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушылардың креативті əлеуетін пайдалану қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін латын қарпіне көшіру мəселесіне тоқталып, мемлекеттік тілдің мəртебесін арттыруға бағытталған шаралар қабылдаудың маңыздылығын айтты.
– Халқымыз үшін латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні зор. Сонымен бірге қазақ тілінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Парламент пен Үкіметтің қызметі мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ бұл мәселе бойынша азаматтардың құқығын шектеуге болмайды. Бұл ретте ілеспе аударма жасау мүмкіндігі бар, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы латын қарпіне кезең-кезеңмен көшудің маңыздылығын айтып, қазақ тілін үйрету әдістемелерін жетілдіру мәселелерін жан-жақты зерттеуді тапсырды. Бұдан бөлек, Елбасы кибер-қауіпсіздікті қамтамасыз ету және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелеріне назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің телеарналарындағы сериялық өнімдердің сапасын арттыру қажеттігіне тоқталып, масс-медиа жастарға патриоттық тәрбие беру ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Кездесу барысында Дәурен Абаев Қазақстан Президентіне «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жоспары туралы баяндап, оның басым бағыттарын түсіндіруге байланысты шаралар жөнінде мәлімет берді.
Елбасы Н.Назарбаев Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановты, сондай-ақ «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованы да қабылдады.
Кездесу барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгінов өңірдегі негізгі экономикалық көрсеткіштері туралы, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндаса, Ғалымқайыр Мұтанов университетті трансформациялау және оқу үдерісін заманауи талаптарға бейімдеу нәтижелері жөнінде әңгімеледі. Күләш Шәмшидинова зияткерлік мектептердің оқытушы құрамын қалыптастыру мақсатымен жүргізілген жұмыстар жөнінде мәлімдеді.
Пікір 0
Пікір қалдырыңыз