Терминдер төңірегіндегі толғаныс

    Латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиі төңірегіндегі әңгіме-пікірлер баспасөз беттерінде әлі де жалғасуда және бұл орынды. Өйткені «кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген халық даналығы дәл осындай жерде аса қажет-ақ. Біздің тоқталмағымыз – осы әліпбиге байланысты кейбір терминологиялық мәселелер. Сырттай қарағанда, бұл бүгінгі айтылып жатқан әңгімелерге – қай әріп қалай белгіленуі керек, қай сөз қалай жазылуы дұрыс – дегенге тікелей қатысы жоқ тәрізді көрінуі мүмкін, бірақ, шындығында, бұл осы кезден басын ашып алатын аса маңызды мәселе және түптеп келгенде, әріпке де, емлеге де қатысы бар жайлар.

ӘРІП – ТАҢБА МА, БЕЛГІ МЕ?


Кезінде, қазақ тіл білімі дамуының алғашқы кезеңдерінде, әріп белгілерін «әріп таңбасы» деп қолдану үрдісі қалыптасып кетті де, осы дағды әлі күнге дейін қолданыстан қалмай келеді. Бірақ, шындығында, бұған ешкім мән қойып қарап жатпаса да, «әріп – таңба ма, әлде белгі ме?» дегенге ойлана қарау қажет екеніне назар аудармақпыз. Қазірде бұл екі сөз де қатар қолданылып келеді және көпшілік таңба деген ұғымның қадір-қасиетіне аса мән беріп, бағаламай, қолданыста әріп таңбасы дегенді көбірек қолайлы көретін тәрізді. Қалыптасып қалған ескі үрдістен шыға салу да оңай болмаса керек. Дегенмен, біздіңше, осы тіркестегі таңба сөзінің қолданылуы ретсіз. Таңба термині жалпы тіл білімінде (тіл теориясында) қолданылатын, өзінің белгілі бір ғылыми ұғымы бар қалыптасқан термин сөз. Тілдік таңбалар туралы біздің «Тіл генетикасы: тілдік таңба-нышандық жүйе» атты монография­мызда (Алматы, 2014) жан-жақты айтылған.

Белгілі ғалым Н.Уәлиев өзінің әліпбиге қатысты бір мақаласында әріпті таңба деп көрсетіпті. Ол: «Кез келген таңбаның екіжақты: таңбаланушы және таңбалаушы қасиеті болатыны тәрізді у таңбасының да екі жағы – мазмұндық жағы (план содержания) және тұрпаттық жағы (план выражения) бар. Олай болса, у таңбасының мазмұндық жағы – фонема,­ тұрпаттық жағы – әріп. Басқаша айтқанда, фонема – таңбаланушы да, әріп – таңбалаушы. Осы екеуінің бірлігі жазу теориясында «графема» деген ұғым білдіреді» дейді. Бұл, біздіңше, мәселеге таза тілдік тұрғыдан емес, жалпы семиотикалық тұрғыдан келудің көрінісі. Ол бойынша, «кез келген зат кез келген заттың таңбасы бола алады» деген пікір қалыптасқан. Бірқатар ғалымдар осы түсінікті тіл табиғатына пайдаланғысы келсе де, тілдік құбылыстың болмысы бұған көнбейді. Тіл – екінші дәрежелі (жасанды) емес, бірінші дәрежелі (табиғи) таңбалық жүйе, яки бүкіл таңба атау­лының арғы негізінде тілдік таңбалар тұр. Сондықтан жалпы таңба атаулыдан тілдік таңбаларды ажырата қарау керек еді.

Сондай-ақ, екіншіден, жоғарыдағы мақалада айтылып отырған фонема деген ұғымның өзі бар не жоқ екені ғылымда әлі де даулы мәселе. Фонематикалық қызмет атқарып тұр дейтін дыбыс, шынында, генетикалық тұрғыдан келгенде, ешқандай да мағына ажыратып тұрмайтынын көреміз. Дыбыстық жағынан ұқсас сөздердің, мысалы, қой, қон, қор, т.б. мағыналарын бірінен бірін ажыратып тұрған олардың соңындағы й, н, р дыбыстары емес (Бірақ қазіргі ғылым осылай түсіндіріп келеді). Сондықтан дара тұрғанда мағынасыз дыбыстар сөздің кей тұстарында мағынаға ие болып кететіні туралы жалған көзқарасты малдану­дың еш реті жоқ. Дараланған тіл дыбысында, мысалы, а, о, б, т, с, т.б. тәрізді жеке дыбыс­тарда, мағына болмайды да және ол таңба да бола алмайды. Ал кейбір ғалымдардың осындай дара дыбыстардан әртүрлі сипаттағы мағына іздеп жүрген көзқарастары (фоносемантика) ғылыми тұрғыдан толық дәлелденбеген болжамдар ғана. Бұл туралы да біздің жоғарыда аталған монографиялық еңбегімізде баяндалған.

Таңба ұғымы – әсіресе, түркілік танымда аса киелі, қасиетті ұғым. Таңбаның пайда болуы туралы алуан пікірлер, көзқарастар бар, бірақ солардың қай-қайсысы да мәселені ақи-тақи шешіп бере алмайды. Арғы негіздері мифологиялық әпсаналарға барып тірелетін қазіргі таңбатану туралы түсінік ғылымда семиотиканың зерттеу обьектісі болса да, мұнда да мәселе тек бұлдыр болжамдар төңірегінде ғана көрінеді.

Ғылым дыбысты таңба деп танымайды. Өйткені таңба, шынында да, екіжақты элемент болады, яки таңбаның бойында материалдық және идеялық элементтер болуы керек. Мектеп оқулықтарынан бастап, ғылыми еңбектерге дейін ­«дыбыс – тілдің мағынасыз бірлігі» екенін анық айтып келеді. Бұл қазіргі дыбыстаным түсінігі тұрғысынан орынды пікір. Өйткені қазірде тіл дыбысы ретінде дараланған дыбыстарды ғана түсінеді. Сондықтан мұндай мағынасыз дыбыстардың бойынан таңбалық сипат іздеу теориялық тұрғыдан дұрыс болмайды. Олай болса, мағынасыз дыбыстарды белгілейтін, яки олардың графикалық белгілері болып табылатын әріптерді де таңба деудің ретсіз екені түсінікті болса керек.

Тіл ғылымы таңба деп сөзді таниды. Өйткені сөздің екі жағы бар: біріншіден, оның дыбыстық материалы­ бар, екіншіден, толық сөздердің лексикалық мағыналары болады. Таңба туралы қазіргі ғылымның негізгі түсінігі осы. Әрине, кейінгі кезде орыс тіл білімі ізімен сөзді де, мәтінді де таңба деп жүрген көзқарастар да айтылады. Бұларда да «таңба» ұғымы жалпы семиотикалық тұрғыдан қарастырылған.

Қазіргі түсініктегі таңба (сөз) туралы мәселенің екінші жағы да бар. Ежелгі грек дәуірінен бері әңгіме болып келе жатқан таңба туралы бұл мәселеге «Тіл – таңбалық жүйе» деп шегелеп кеткен Ф.де Соссюр заманынан бері қарай ерекше мән берілді. Бірақ соссюрлік түсініктегі таңба (яғни сөз) денотатпен (өзі атап тұрған затпен) еш байланысы жоқ құр шартты түрдегі, кездейсоқ дыбыстар жиынтығы ғана. Яғни мағыналы тілдік бірлік, тілдік таңба деп түсіндіріліп жүрген сөздің өзі қазіргі ғылымда өзі атауы болып тұрған затпен еш байланысы жоқ, шартты таңба, кездейсоқ дыбыстардың жиынтығы ғана екен. Атау (сөз) затқа кездейсоқ беріледі-міс, зат атауы мен ол белгілеп тұрған заттың арасында ешбір табиғи байланыс жоқ екен. Мысалы, бір ұғым («үй» деген ұғым) әр тілде әртүрлі болып аталады-мыс, т.б. Бұл дегеніміз, шынтуайтына келгенде, тіл мен ойлаудың арасында еш байланыс жоқ дегенге саяды. Сонда біздің аса мәртебелі, қадірлі тіліміз, тілдің ең негізгі бірліктері болып табылатын сөздеріміз ешбір мағынадан жұрдай «бос» дыбыстардан құралған, өзі атап тұрған затпен де еш байланысы жоқ әлдене болғаны ма? Қазіргі ғылымның тіл мен ойлау, тілдегі дыбыстар мен сөздердің табиғаты туралы түсінігі осындай. Біздің ғалымдарымыз тіл табиғатын осылайша «зерттеп», жоғары оқу орындары мен мектептер шәкірттерге осылай «білім» беріп келеді. Яки дыбыс – еш мағынасыз «бос» материал, сөз – кездейсоқ алынған мағынасыз дыбыстардың жиынтығы, таңба (тілдік таңба) – өзі атауы болып жүрген затымен еш байланысы жоқ, оған саналы ойлау арқылы емес, сырттай таңылған кездейсоқ пайда болған сөздер.

Енді әріпке келсек, әріптану жайы да көңіл көншітерлік емес. Қазірде әріп дегенді «әйтеуір бір сызба», яки белгілі бір дыбыстың не қазірде фонема деп аталып жүрген, бірақ, шынында, анық-қанығы дүдәмал «дыбысшаның» шартты түрдегі сызба белгісі деп қана біледі. Бірақ істің ақиқаты солай ма? Дұрысында, тіл дыбыстарын бейнелейтін әріп белгілерінің сызба нұсқаларының өзі әуелде кездейсоқ жасалмаған. Айталық, араб әліпбиіндегі І (алиф) әрпінің таңбалануын (иә, бұл жерде мәселе шынында да таңба туралы)­ кездейсоқ деп айтуға бола ма? Генетикалық тұрғыдан, бұл таңба бүкіләлемдік өзек ұғымын (У «игрек» өзегі) бейнелейтін нышандық таңба. І (алиф) таңбасы Ғаламның БІР (тұтас) екендігін білдіреді. Математикадағы «1» санының негізінде де осы «өзек» таңбасы тұр. Егер арғы негіздеріне барсақ, негізгі әріп белгілерінің баршасының пайда болу тегінде ғаламдық болмыстың құрылымдық-мағыналық элементтері (бүкіләлемдік өзек, бүкіләлемдік кіндік, координата жүйесі, т.б.) тұрғандығын жоққа шығаруға болмайды. Әріп белгілерінің бейнелері ғана емес, олардың әліпбидегі орындарының өзінің генетикалық тұрғыдан жүйелі болып келетін өзіндік реттері бар. Қазіргі әліпби түзілімінде бұлардың ешқайсысы да ескеріліп, оған мән беріліп жатқан жоқ. Әрине, таза практикалық мақсатты көздеген бүгінгі прагматикалық әлемде мәселенің ол жағын ойлау жайына уақыт та, құлық та жоқ сияқты көрінеді. Сондықтан да біз жаңа әліпби мәселесін орнықтыруда әріп таңбасы емес, «әріп белгісі» деген терминді қалыптастырып, тәжірибеде қолдану орынды деп білеміз. Сонда ғана тіліміздегі, рухымыздағы «таңба» ұғымының қадір-қасиетін орнымен пайдаланатын жағдайға келеміз. Әрине, біз мұнда әріптің, жазудың ел өмі­ріндегі маңыздылығын жоққа шыға­рып отырмағанымыз түсінікті болса керек, бірақ әр сөздің өз орны, өзінің тер­миндік ұғымына сәйкестігі сақталуы керек.


ТІЛДЕ ДАУЫССЫЗ ДЫБЫСТАР БОЛА МА?


Әліпби төңірегіндегі көптеген жайлар емлеге қатысты туындап жататыны белгілі. Жазу ережелерінің кеңестік кезеңде қалыптасып келген үлгілерінің де кей тұстарда пікір алалығына тірелетін кездері жоқ емес-тін. Жаңа әліпби ережесінде де осындай пікір қайшылықтарының болуын задылық деп қабылдаған жөн. Өйткені әліпби туралы мәселеге Елбасы ерте-ақ назар аударса да, оны талқылау біраз үнсіздіктен соң, кештеу басталғаны да бекер емес.
Біздіңше, жазу емлесін дұрыс шешу үшін әуелі тіл дыбыстарының таби­ғатын жете түсініп алу маңызды. Өйткені баспасөзде айтылып жатқан алуан пікірлерге қарағанда, көптеген автор­лардың тіл табиғатын, тіл дыбыстарының табиғатын қарабайыр түсінетіндігі байқалады. Қазақ тілінің өзіндік табиғаты дегенді бірыңғай оның айтылу мәнері, дыбыс саздылығы деп түсінетін көзқарастағы авторлар мәселенің екінші жағына да – тілдің, тіл дыбыстары мен сөздерінің жаратылыстық-болмыстық табиғатына да бір сәт назар аударғандары жөн болар еді демекпіз.

Қазіргі тоқталмағымыз – тіл дыбыс­тары табиғатының генетикалық тұрғыдан дұрыс танылуының жайы болмақ. Өйткені қазіргі тіл білімінде тіл дыбыстарының табиғаты дұрыс танылып жүрген жоқ. Оқулықтарда да, ғылыми еңбектерде де тіл дыбыстары дауысты және дауыссыз дыбыстар болып екіге ажыратылады. Бірақ тілде «дауыссыз» деп аталатын дыбыстардың генетикалық тұрғыдан мүлде болмайтыны ескерілмейді. Бұл да тілді тереңдей зерттеу бағытындағы кемшіндігіміздің көрінісі. Шынында да, қазіргі «дауыссыз» деп аталып жүрген дыбыстарда, мысалы, б, т, с, қ дегендерде «дауыс» жоқ па? Айтылуда бы, ты, сы, қы деп әдіптелетін бұл дыбыстардың құрамынан дауыс элементін шығарып тастасаңыз, тұтастай дыбыстың айтылуы мүмкін емес. Мұнан шығатын қарапайым қорытынды сол – тілде дауыссыз деп аталатын дыбыстар генетикалық тұрғыдан мүлде болмайды. Генетикалық тіл білімі мұны айқын дәлелдеп береді.

«Дауыс» – кез келген дыбыстың аса маңызды табиғи құрамдас бөлігі. Өйткені дауыс арқылы дыбыс айтылады және тыңдаушыға жеткізіледі. Қарапайым физика заңымен айтқанда, дауыс – ауа – дыбыстың айтылуына мүмкіндік жасайтын және оны тыңдаушыға жеткізетін «өткізгіш» – дыбыс толқындары қызметін атқарады. Генетикалық тұрғыдан осылай. Ал «дауыс» элементінің «мағына ажыра­тушылық» қызметі кейін пайда болған.

Бұл терминологиялық мәселе орыс тіл білімінде дұрыс шешілген: онда «согласный»­ (дауыспен, яки құрамында «дауыс» элементі бар дыбыс) деп аталады.­ Ал бізде құрамында мүлде «дауыс»­ жоқ деген ұғымды беретін термин алынған. Көріп отырғанымыздай, бұлардың арасындағы айырмашылық елеп-ескермейтіндей жай ғана нәрсе емес: біздің қазіргі түсінігіміз, яки «дауыссыз дыбыстар болады» деген түсінігіміз, тек тіл дыбыстарының аталуындағы жай ғана бір қателік қана емес, бұл түсінік – тілдің жалпы жаратылыстық-болмыстық ақиқатына қайшы келетін, терминологиялық деңгейдегі қате түсінік.
Әзелден – тіл дыбысы алғаш пайда болғаннан, дауысты мен дауыссыздың біртұтастығы – ғаламдық жаратылыс-болмыстың жұптық жүйе заңдылығына негізделген: күн мен түндей, ақ пен қарадай, т.б. ғаламдық жұптық жүйе заңдылығы тілдік болмыстың да бүкіл жаратылыс табиғатының ілкі негізінде тұр. Бұл заңдылықтың бұзылуы тіл табиғатын дұрыс тануға әкелмейді, керісінше, оны теріс түсіндіруге жол ашады. Сондықтан да тіл дыбыстарын қазіргі түсініктегідей дараланған тіл дыбыстары деп емес, жұпэлементті дыбыстық материал түрінде түсіну қажет. Сонда ғана біз әу баста дараланған тіл дыбысы дегеннің болмағанын, тіл дыбыстарын дауысты және дауыссыз деп бөлу тіл ғалымдарының, әрине, дыбыс табиғатын толық түсінбеуден, шығарған нәрсесі екенін білетін боламыз.

Термині нақты анықталмай, ғылымды дамыту еш мүмкін емес. Оның үстіне, тілдік құбылыстың ең ілкі негізі болып табылатын материалдық және идеялық элементтерді дұрыс түсінбеу – ғылымның өз зерттеу объектісінің болмысын ­танымау – барша қателіктердің бастауы болады. Олай болса, тіл табиғатын дұрыс түсінудің әліппесі осы тіл дыбыстарының табиғатын дұрыс танудан басталатынын мойындаған жөн.
Өкінішке қарай, қазірде мектептер мен жоғары оқу орындарында да, тіпті ғылыми еңбектерде де дараланған тіл ­дыбыстары деген болады, тіл дыбыстарында мағына болмайды, сол мағынасыз дыбыстардан сөздер құралғанда, ол сөздерде «ғайыптан» мағына пайда болады; тілде дауыссыз дыбыстар деген бар, құрамында ешбір дауыс элементі болмаса да, олар айтылып, өз қызметтерін атқара береді, т.т. деген тәрізді жалған «білім» беріп келе жатқанымыз бекер емес.

Осылайша оқытып, тіл табиғатын бесігінен бастап бұзып түсіндірудеміз. Біз бұл жерде қазақ тілін, жалпы тілдік құбылысты зерттеген атақты ғалымдардың еңбектерін жоққа шығарғалы отырған жоқпыз. Қазіргі мектептер мен ЖОО-дағы оқыту жайын да кінәлағалы отырған жоқпыз. Айтайын дегеніміз – әрбір тарихи кезеңнің ғылыми дамуда да өзіндік ерекшеліктері, даму сатылары болуы заңды. Осыдан 100 жыл бұрынғы айтылған пікірді, тіпті оны данышпан ғұлама айтса да, мәңгілікке малданып отыра беруге болмайды. Ғылымның қай саласы болса да, әсіресе қазіргі кезеңде қауырт даму үстінде. Ал біздің тіл ғылымы саласындағы көзқарастарымыз, ілгергі кезеңге бармай-ақ қоялық, сонау кеңестік дәуірдің алғашқы кезеңіндегі қалпынан аса ұзап кете қойған жоқ десек, қате бола қоймас. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, тіл табиғатын да бесігінен дұрыс тану ләзім дегіміз келеді.


Барлық құқығы қорғалған.

primeminister.kz материалдарын жеке мақсаттан басқа, кез келген жағдайда пайдалану кезінде primeminister.kz веб-сайтына гиперсілтеме жасау міндетті.

primeminister.kz материалдарын пайдалану кезінде:

– басылым беттерінде немесе қағаз, таспа және т.б. секілді материал тасығыштардың өзге де түрлерінде пайдаланушы әр кез материалдардың www.primeminister.kz веб-сайтынан алынғанын көрсетіп отыруы міндетті.

– Интернетте немесе электронды түрде пайдаланудың өзге де түрлерінде пайдаланушы әр кез «www.primeminister.kz» веб-сайтының басты бетіне гиперсілтеме беруге міндетті.


Пікір 0

Пікір қалдырыңыз

Сайт бойынша іздеу

Мақалалар

Үздік мақалалар

Орыс, ағылшын және қазақ тілдері материалдары негізіндегі реферативті және аннотациялық аударма туралы 06 Желтоқсан - 0 пікір

Аудармашы-маманға шет тілінде жазылған...

Толығырақ..
ҮКІМЕТ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕДІ 03 Наурыз - 0 пікір Толығырақ..
ҮКІМЕТ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕДІ 03 Наурыз - 0 пікір Толығырақ..