Қазақ тіліндегі ресми-іс қағаздар тілінің дамуына экстралингвистикалық факторлардың ықпалы

    Мемлекеттің кескін-келбетін сомдап, қоғамдық болмысын көрсететін тіл қызметінің атқарар рөлі орасан. Дегенмен, тілдің қоғам өмірінің барлық саласында тең дәрежеде қолданыс табуы мүмкін емес. Қажеттіліктің туындауына орай бір салада тілдің қызметінің басымдылығы артса, керісінше бір салада бәсең таруы мүмкін. Екінші жағдайда тілдің қолданылу аясын тарылтып, дамуын тежейді. Мысалы, қоғамдық саяси жағдайларға байланысты қазақ әдеби тіліндегі функционалды стильдердің ішінде ғылыми стиль мен ресми-іс қағаздар стилінің кеш дамығыны белгілі. Бұл пікір қазақ ресми-іс қағаздар стилінің ғылыми-теориялық негізін қалыптастырудағы ғалымдарымыздың құнды еңбектерін жоққа шығармайды. Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін, тіпті күні бүгінге дейін ресми-іс қағаздар қазақ тілінде жүйелі түрде жүргізілмегендіктен, қазақ ресми-іс қағаздар тілін ғылыми тұрғыда зерттеуге салқынын тигізіп келді. Атап айтсақ, Кеңес дәуірінде қазақ ресми-іс қағаздар тілін арнайы зерттеуге арналған бір ғана диссертациялық еңбек – Н.И. Ерғазиеваның «Қазақ тіліндегі ресми-іс қағаздары тілінің қалыптасуы және дамуы» атты кандидаттық диссертация [1]. Кеңес дәуірінде 1972 жылы қорғалған бұл диссертациялық жұмысқа дейін де, бұдан кейін де ресми-іс қағаздар тілін зерттеуге арналған жұмыстар болмаған. Қазақ ресми-іс қағаздары тілінің өзіндік ерекшеліктерін зерттеуге арналған аталған еңбектің орны ерекше. Автор зерттеу жұмысында қазақ ресми-іс қағаздарының қалыптасуы мен ресми-іс қағаздары терминдерінің құрылымына морфологиялық, лексика-семантикалық талдау жасайды.
Одан бері еліміз егемендік алып, тіліміз мемлекеттік мәртебе алды. Тілдің қоғаммен бірге дамып, қоғамға қызмет ететінін ескерсек, бұл күнде қазақ тілінің қоғамдық қызметі артып, қолданыс аясының кеңіп, экстралингвистикалық факторлар қазақ ресми-іс қағаздар тілінің дамуына тиімді ықпалын тигізіп отыр. Қазақстанның өз алдына құқықтық мемлекет құруы қазақ тілі мәселесін мемлекеттік деңгейде көтеруді талап етті. 1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ ССР-нің Тіл туралы Заңы қабылданып, қазақ тіліне ресми түрде мемлекеттік мәртебе берілді. Тіл туралы Заңның 1-бабы бойынша: «Қазақ тілі Қазақ ССР-інің мемлекеттік тілі болып табылады.
    Қазақ ССР-і қазақ тілінің мемлекеттік тұрғыдан қорғалуын жүзеге асырады және оның мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарда, халыққа білім беру, мәдениет, ғылым мекемелерінде, қызмет көрсету, бұқаралық информация салалары мен басқа да салаларда белсенді түрде қолданылуына қамқорлық жасап отырады» – деп атап көрсетіледі [2,49]. 1990 жылы 2 шілдеде аталмыш Заңның күшіне енуіне байланысты «Қазақ тілі және Қазақ КСР-індегі басқа да ұлт тілдерін дамытудың 2000 жылға дейінгі мерзімге арналған Мемлекеттік бағдарламасы» деген құжат қабылданды. Бұл – қазақ және басқа тілдерді 2000 жылға дейін дамытудың негізгі бағдарламасы болғандықтан, Тіл туралы Заңның нақтылы орындалуына кепілдік беретін құжат еді. Дегенмен, қазақ тілінің өзекті мәселелері оның шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесін иеленуімен шектелмей келеді. Келесі кезекте мемлекеттік тіл дамуының басым бағыттары мен қызмет ету тетіктерін айқындау мақсатында 1996 жылғы 4 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің №3186 Өкімімен «Қазақстан Республикасы тіл саясатының тұжырымдамасы» жарияланды. Бұл тұжырымдаманың мақсаты да мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін дамытуға жағдай туғызу жөніндегі мемлекет міндеттерін айқындау болып табылады. Бұл мақсатта атқарылған жұмыстар да аз болмады: мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталықтары құрылды, қазақ тілін оқып-үйренуге арналған оқу құралдары, сөздіктер, тілашарлар жарық көре бастады. Мұндай игі істердің белгілі бір заң актілері арқылы қолдау көрсетілген жағдайда табысты болары анық.
    1997 жылы 11 шілдеде тіл саясатының құқықтық негіздері баяндалған Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңы бекітілді. Бұл Заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» – деп жазылған [3,6]. Заңның аталмыш бабына сәйкес мемлекеттік органдарда тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметінің 1998 жылғы 14 тамызында «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы» №769 қаулысы шықты. Бұл қаулыда іс қағаздарын кезең-кезеңмен қазақ тіліне көшіруге, мекемелерде қазақ тілінде іс жүргізуші және аудармашы лауазымдарына арнайы штат бөлуге, «қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізу» курстарын ашуға байланысты шаралар қамтылған. Бұл қаулыда атқарылар іс айқын және нақты көрсетілген.
    1999 жылы 8 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Тілдер туралы заңдардың сақталуына бақылау жасаудың тәртібі туралы ережені бекіту туралы» қаулысы қабылданып, Тілдер туралы заңдардың сақталуына бақылау жасау Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіне жүктеледі.
    Сондай-ақ, «Мемлекеттік тілде құжат дайындауды жүзеге асыратын әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2000 жылғы 21 қыркүйектегі №11 өкімі шығады.
Осындай игілікті шаралардың бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту мен нығайту бағдарламаның негізгі мақсатының бірі ретінде атап көрсетілген. Бұл мақсатты іске асыру үшін: мемлекеттік тілдің нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру; іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру кестесін (нақты мерзімдер мен іс-шараларды көрсете отырып) белгілеу арқылы барлық мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында мемлекеттік тілдің іс жүргізудегі негізгі тіл ретінде қолданылуын қамтамасыз ету міндеттері белгіленді.
    Үкімет тарапынан қабылданған, іске асыруды талап ететін мемлекеттік маңызы бар жоғарыда аталған ресми құжаттардың барлығының көздеген мақсаты бір, ол – мемлекеттік тілдің қоғамның барлық саласында қызмет атқаруын қамтамасыз ету.
Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу мақсатында жасалған қадамдар қазақ ресми-іс қағаздары тілін дамытуға, ғылыми тұрғыда талдауға, саралауға оң ықпал етіп отыр. Бүгінгі қазақ тіл білімінде, атап айтқанда егемендік алған 1990 жылдардан бастап, ресми-іс қағаздар стилі және оның ішкі шағын стильдері, жанрлық түрлері жеке-жеке зерттеу нысанына айналуда. Осы салада жазылған аса бір ауқымды еңбектің бірі – Л. Дүйсембекованың «Қазақ ресми-іс қағаздар тілі» тақырыбындағы докторлық диссертациясы. Диссертация жұмысында қазақ ресми-іс қағаздар тілінің қалыптасу кезеңдері мен даму ерекшеліктері диахронды және синхронды тұрғыда қарастырылып, стильдік сипаты, мәтіндік құрылымы, жіктемелік белгілері ашылып, тұңғыш рет кешенді түрде зерттеледі. Бұл еңбек – көне түркілік дәуір жазба ескерткіштерінен қазіргі қазақ тіліне дейінгі кезеңді қамтыған ауқымды зерттеу. Автор көне түркі жазба ескерткіштерінің тілін негізге ала отырып жасаған зерттеуінде ескерткіш мәтінінен ресми стильдің белгілерін, ресми-іс қағаздар тіліне тән тілдік элементтердің кездесетіндігін айтады [4,11].
ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдеби тілін зерттеген Ш. Мәжітаева докторлық диссертация жұмысының бір тарауын ресми-іс қағаздар стилінің даму бағыттарына арнайды [5]. Аталған еңбекте ХХ ғасырдың басындағы қазақ ресми-іс қағаздар тілінде байқалатын лексикалық ерекшеліктер талданады: «XX ғасырдың басындағы ресми іс қағаздары тілінен байқалатын лексикалық ерекшеліктер бір қыдыру, олардың текстерінен араб-парсы сөздері, көне түркі тілінің және орыс тілінің элементтері, диалектизмдер, қазіргі тілде айтылмайтын терминдік атаулар, татар, түркі тілдерінің элементтері де кездеседі. Бұл кездегі әдеби тілде лексикалық жарыспалылық (варианттылық) айтарлықтай орын алған (низам/ заң/закон; мерзім/уақыт/мезгіл/срок; баб/статъя; шығын/расход; айып/штраф; мөлшер/норма, жыйылыс/собрание; жоба/проект т.б.» [5,174]. Автор қазақ ресми-іс қағаздары тілінің байып, стильдік дәрежесінің қарқынды түрде жетілуін XX ғасырдың 20-30-жылдарынан басталғандығын жазады.
    С. Ережепованың зерттеу жұмысында ресми-іс қағаздар тілі қазақ және орыс тілдеріндегі қаулы жанрының негізінде салыстырмалы түрде зерттеледі. Автор: «Постановление – один из важных каналов связи органов управления, в частности, Президента и Правительства Республики Казахстан, с внешним миром (обществом, членом этого общества)» – деп талдай келе, өкілеттік құжаттың бір түрі ретінде қолданылатын қаулы мәтінін прагмалингвистикалық аспектіде қарастырған [6,92-93].
Б.Ж. Әбілмәжінова «Іс қағаздар стилінің синтаксисі» тақырыбында жазылған кандидаттық диссертациясында іс қағаздар тілінде қолданылатын бұйрықты және хабарлы сөйлемдердің құрылымдық-мағыналық ерекшеліктері мен кейбір грамматикалық категориялар мен есімшелі көсемшелі оралымдардың стилистикалық ерекшеліктерін қарастырады. Автор қазақ ресми-іс қағаздар стилінің негізгі қолданыс құралдарын және синтаксистік белгілерін зерттеп, айқындауды көздейді [7].
Ж. Макешова «Қазақ іс қағаздары тілінің мағыналық-құрылымдық сипаты» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясында қазақ тілінде іс жүргізу жүйесінің тарихи даму кезеңдеріне, сондай-ақ, іс қағаздары терминдері жасалуының аналитикалық және синтетикалық әдістеріне тоқталады [8].
    М. Мамбетованың кандидаттық диссертациясында ресми-іс қағаздары тілінде жиі қолданылатын, тіл білімінде әр түрлі атауға ие болып келген тілдік бірліктерді зерттеуге арналады. Автор көп уақыт бойы талас тудырып, бір шешімге тоғыса қоймаған клише ұғымы туралы пікірлерге талдау жасайды және даяр оралымдарға тән негізгі белгілерді көрсетеді [9].
    Б.С. Әшірова «Нормативті-жарлықшы құжаттардың аудармасы: құрылымдық және лексикалық ерекшеліктері» атты диссертациялық жұмысында қазақ ресми-іс қағаздарының орыс тілінен аударылу мәселесін қарастырады [10].
Құжаттар, құжаттама негізінен мемлекеттік құрылым мен басқару жүйесінің қызметін айқындайтын болғандықтан қоғамның даму, өзгеру кезеңдеріндегі мемлекеттік құрылыспен де тікелей байланысты. Осы бағытта «Қазақ тіліндегі мемлекеттік құрылыс терминологиясының қалыптасуы» тақырыбындағы Е. Дәулетовтың зерттеу жұмысы да терминдер мен терминдік тіркестерді, яғни «оларды лексика-семантикалық тақырыптық топтарға бөліп, жіктеуіміз мемлекеттік құрылыс терминдерінің ара жігін, шекарасын өзге осығын ұқсас келетін терминдік жүйелерден ажырата әрі салыстыра қарауға» [11,126] бағытталған.
Қазақ тілінің қоғамдық қызметінің артуы ресми-іс қағаздар саласынан анық байқалады. Бұл Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуымен, мемлекет болып құрылуымен, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуымен тікелей байланысты. Әлемдік стандартқа қол жеткізу, дамыған мемлекеттер қатарына ену мақсаты күнделікті өркендеуді талап етеді. Ресми-іс қағаздар тілі – заң, басқару, дипломатиялық қарым-қатынас тілі болғандықтан, бұл талап ресми-іс қағаздар тілі лексикасының толығуына, жан-жақты зерттелуіне мұрындық болып отыр.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Ергазиева Н.И. Формирование и развитие официально-деловой речи в казахском языке. АКД.–Алма-Ата,1972.–32с.
2. Қазақстан Республикасының жаңа Заңдары./ Құраст. Ф.Т. Бейсенбина. – Алматы: Қазақстан Республикасы Әділет мин-нің редакциялық-баспа бөлімі, 1992. – 264 б.
3. Тілге де тірек керек. Әділет министрлігінің мемлекеттік тілді қолдану мен іс қағаздарына енгізудегі іс тәжірибесі/ Жалпы ред.басқ. С.Ш. Оразалы, М.М. Нұртазин. – Астана, 2003. – 212 б. 
4. Дүйсембекова Л.С. Қазақ ресми-іс қағаздар тілі: Фил.ғыл.докт.дисс.автореф. – Алматы, 2006. – 38 б.
5. Мәжітаева Ш. ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ әдеби тілі: Фил.ғыл.докт.дисс. – ҚарМУ, 2000. – 247 б. 
6. Ережепова С.К. Официально-деловой стиль в русском и казахском языках: прагмалингвистический аспект. Фил.ғыл.канд.дисс. – Алматы, 2002. – 166 б.
7. Әбілмәжінова Б.Ж. Іс қағаздар стилінің синтаксисі. Фил.ғыл.канд.дисс. – Астана, 2002. – 292 б. 
8. Макешова Ж. Қазақ іс қағаздары тілінің мағыналық-құрылымдық сипаты: Фил.ғыл.канд.дисс.автореф.– Алматы, 2003. – 26 б.
9. Мамбетова М.Қ. Ресми-іскери клише тұлғалардың семантикасы және қызметі: Фил.ғыл.канд.дисс.– Алматы, 2004. – 107 б.
10. Әшірова Б.С. Нормативті-жарлықшы кұжаттардың аудармасы: құрылымдық және лексикалық ерекшеліктері. Фил.ғыл.канд.дисс. – Алматы, 2004.–125 б.
11. Дәулетов Е.Ғ. Қазақ тіліндегі мемлекеттік құрылыс терминологиясының қалыптасуы: Фил.ғыл.канд.дисс. – Алматы, 1999.

Пікір 2

Олжас 05 Мамыр 00:31:44

Админ жауап бермейді

Аманжол 20 Тамыз 14:36:31

Дұрыс

Пікір қалдырыңыз

Сайт бойынша іздеу

Мақалалар

Үздік мақалалар

Орыс, ағылшын және қазақ тілдері материалдары негізіндегі реферативті және аннотациялық аударма туралы 06 Желтоқсан - 0 пікір

Аудармашы-маманға шет тілінде жазылған...

Толығырақ..
ҮКІМЕТ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕДІ 03 Наурыз - 0 пікір Толығырақ..
Қазақ тіліндегі ресми-іс қағаздар тілінің дамуына экстралингвистикалық факторлардың ықпалы 23 Маусым - 2 пікір

    Мемлекеттің кескін-келбетін сомдап, қоғамдық болмысын көрсететін тіл...

Толығырақ..